Бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесулер жалғасуда

Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов облыстық Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесу өткізді. Басқосу «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында ұйымдастырылды.

Жиында сөз алған Бағлан Жиенәліұлы қатысушыларға мұндай кездесулер бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тікелей байланыс орнатып, еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік беретінін айтты.

Бұдан бөлек, еңбек қатынастарын реттеу және кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету, қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігін сақтау мен еңбек дауларының алдын алу жайлы әңгіме өрбітті.

Басқосуда кітапхана қызметкерлері де өз ойларын ортаға салып, бірқатар мәселелерді көтерді. Айталық, кәсіподақ мүшелері санаторий-сауықтыру орталықтарына жыл сайын берілетін жолдамалар санын арттуды сұрады. Өз кезегінде, облыстық кәсіподақ төрағасы алдағы уақытта бұл мәселені шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

Ұжымның жағдайымен танысқан Бағлан Жиенәліұлы бастауыш ұйым мүшелеріне ҚР Кәсіподақтар Федерациясының «Әлеуметтік әріптестік» жылы аясындағы атқарылып жатқан кәсіподақ жұмысы жайлы қысқаша баяндап өтті.

Айта кетейік, бүгінде облыстық Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында 29 қызметкер жұмыс істесе, олардың барлығы кәсіподақ мүшелері. Аталған мекемеде ұжымдық шартқа сәйкес қызметкерлерге бірқатар әлеуметтік жағдайлар жасалған. Сондай-ақ, еңбеккерлерге көрсетілетін материалдық көмектің көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 33%-ға артқан. Ұжымдық шартқа сай қызметкерлерге бұдан өзге де әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған.