Шымкентте кәсіподақтар орталығы көпбалалы ананың баспанаға қол жеткізуіне сеп болды

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасына жүгінген Көпбалалы ана Райхан Абдукапарованың баспанаға қатысты мәселесі оң шешілді. Көпбалалы ана кезінде тіркелген тұрғын үй кезегінен тіркеуші орган алып тастауына байланысты баспанасыз қалатындықтан, қайта үй кезегіне іліну үшін қолындағы бір айлық сәбиімен бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырып, арызданған болатын. Алайда, мәселесі шешілмей, бұл әрекеттері еш нәтижесіз аяқталған. Шарасыз күйде қалған Райхан Абдукапарова Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты Қоғамдық кеңеске жүгінген. Себебі, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевті аймақтағы еңбек дауларын шешуге көмектесіп жүргенін естіп, одан бөлек Қоғамдық кеңес төрағасы ретінде біліп, осы құрылымға көмек сұрап келген. «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы көпбалалы ананың мәселесін тыңдап, бүгінде кәсіподақтар орталығында «Заң клиникасының» жұмыс жасайтынын айтып, азаматшаның мәселесін сонда жолдаған. «Заң клиникасының» кәсіби медиаторы Салтанат Абдукаримова өз кезегінде мәселенің мән-жайын анықтап, ұсынылған құжаттарының заңдылығын тексеріп, «Татуластыру орталығымен» бірлесе жұмыс жасап мәселені толығымен шешті.

Анықталғандай, Райхан Абдукапарова төрт балалы ана ретінде табысы төмен отбасы санатында тіркеліп тұрған. Биыл бесінші баласын босанып, жаңадан туылған баланың ай сайынғы қаражатын төрт балаға бөлгенде асып кеткен. Яғни, табысы төмен отбасы қатарына жатпайды деп, осы күзде алатын тұрғын үй кезегінен шығарылып тасталған. Негізінде тіркеуші орган бесінші баласын есепке алмағандығы айқындалды. Осылайша, есеп дұрыс жүргізілмеген. «Заң клиникасының» және «Татуласу орталығының» нәтижелі жұмыстарынан соң тіркеуші органның жаңадан туылған бесінші баласын есепке алып, көпбалалы ананың кезегі қайта қалпына келтірілді. Осылайша, Райхан Абдукапарова тұрғын үй кезегіне қайта тұрғызылып, көптен күткен баспанасына қол жеткізді. Орталыққа келген қуанышында шек жоқ көпбалалы ана мәселесінің оң шешілуне ықпал жасап, атсалысқан жандарға алғысын айтып, өз ризашылығын қуаныштан келген көз жасымен білдірді. Ал туылғанынан анасының қасында басапананың мәселесі бойынша жүрген кішкентай сәбиге төраға ақ батасын беріп, жақсы тілектерін арнады.

Міне, бұл бүгінгі «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің еңбек адамдарына көрсетіліп жатқан көмектерінің бір ғана көрінісі.