«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында кәсіподақ төрағасы дәрігерлермен жүздесті

«Жетісу, Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасы» мемлекеттік мекемесінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесу өткізді.

Жиында сөз алған «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалының төрағасы  Айбол Исаев қатысушыларға мұндай кездесулер бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тікелей байланыс орнатып, еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Ұжымның жағдайымен танысқан Әсет Қыдырманов бастауыш ұйым мүшелеріне ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Әлеуметтік әріптестік» жылы аясындағы атқарылып жатқан «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы, «Парыз», «Еңбек жолы», «Еңбек адамын ұлықтау» республикалық медиа-байқауы, «2022 жылғы үздік ұжымдық шарт», «Заң клиникасы» жұмысы жайлы айтты.

Басқосуда медицина қызметкерлері де өз ойларын ортаға салып, еңбек қатынастарын реттеу және кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету, қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігін сақтау мен еңбек дауларының алдын алу жайлы әңгіме өрбітті. Енбек демалыстары, қызметкерлердің жалақылары және транспорт мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, қанағаттанарлық жауап қайтарылды.