«Кәсіподақ жұмысының апталығы» аясында «Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығы» төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин және «Әділет» білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев елордадағы «Astana Politechnic» жоғары колледжіне» барып, еңбек ұжымының қызметкерлерімен кездесті.
Аталмыш колледждің құрылғанына 28 болды. Колледж мемлекеттің, жұмыс берушілердің, білім алушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған оқу орны.
Ең алдымен Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы, «Әділет» кәсіподағы президиумының мүшесі Роза Бралина колледждің оқу-өндірістік жұмысымен таныстыруға алып барды. Бізді қарсы алған колледждің Бас директорының практикалық оқыту жөніндегі орынбасары Ирина Ракишева: «Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында, сондай-ақ жалпы әлемде де, кәсіптік-техникалық маман иелері және білікті жұмыс кадрлары жетіспейді. Кәсіби білім саласына біртіндеп білікті мамандарды даярлауға әлеуметтік әріптестерді белсенді тарту маңызды. Біздің мақсатымыз: еңбек нарығының қажетіліктерін ескере отырып, WKS стандарттары және халықаралық сертификаттау арқылы студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру»,-дейді.
«Сондықтан колледж бен институционалдық серіктестер арасындағы әлеуметтік әріптестікті дамыту мақсатында бірқатар кәсіпорындармен, құрылыс компанияларымен Меморандум жасалды. Мәселен, Кнауф компаниясының шеберлері «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» бөлімінің білім алушыларына жаңа технологияларды меңгертуде өндірістік сабақ өткізеді»,- деп атап өтті И.Ракишева.
Бұл сөзсіз колледждің кәсіпорындармен өзара тығыз байланысы – колледж түлектерінің еңбек нарығында және кепілді жұмысқа орналасуда бәсекеге қабілеттілігін арттырудың тиімді тетіктерінің бірі. Политехникалық колледж түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі 80%-ды құрайды.
Р.Бралина мен И.Ракишева бұзу-құрастыру цехы, ағаш өңдеу цехы, газ жабдықтарының зертханасы, жеңіл көліктерге қызмет көрсету, дәнекерлеу цехы, оқыту шеберханасы, көлік электроникасы мен электромобиль бойынша «Ext.Lab» зертханасының жұмысымен таныстырды. Мұнда оқытушы шеберлер: Сабырхан Далов, Әділбек Елемесов, Еділ Әбішев, Болат Алкенов және Еркежан Шыңғаевалар өндірістік-оқыту үрдісі, оның арнайы ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
Тағы бір айта кетерлігі, 2019 жылдан бастап «Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану» бөлімі ашылған. Елордаға газдың келуіне орай бұл нағыз қажетті мамандық иелерін дайындап шығарады. Келесі жылы алғашқы түлектері бітіріп шығады екен.
Одан әрі бас корпустың мәжіліс залында Р.Бралина кәсіподақ ұйымының атқарған жұмысын айтып берді. Бұл жердегі кездесуге кәсіподақ белсенділері, жалпы білім беру пәндерінің оқытушылары Шынар Нұрабаева мен Вера Середа қатысты.
Р.Бралина еңбек заңнамасын сақтау, тұрмыстық жағдайларды жақсарту, еңбекті қорғау, қайырымдылық көмекті ұйымдастыру, мәдени-бұқаралық іс-шаралар туралы слайдпен таныстырылым көрсетіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Өз кезегінде Вера Середа кәсіподақ ұйымының жұмысына шынайы алғысын білдірді. «Мен колледжде оқытушы болып 23 жылдан бері еңбек етіп келемін. Бұған дейін емдеу-сауықтыру шипажайын барудың сәті түспеді. Пандемия кезеңінде сырқат алуыма орай, Роза Маратқызына өтініш жасадым. Жақында Сосновый бор шипажайына жолдамамен барып денсаулығымды түзедім»,-деп В.Середа өз қуанышын жеткізді.
«Ия, біз келіп түскен өтінімдерді қарап, саралаймыз. Қызметкерлердің еңбек өтіліне немесе бұған дейін жолдаманы қай уақытта алғанына мән береміз.Ең бастысы денсаулық жағдайына қарай қолдау білдіреміз. Кәсіподақ ұйымының белсенділері талқылап, содан кейін педагогикалық кеңес отырысында хабарлаймыз»,-деді Р.Бралина.
Кәсіподақ ұйымы өз ардагерлерін ұмытпайды. Жыл сайын «Наурыз», «Жеңіс күні» мейрамы және Қарттар күнінде шақырып, олардың құрметіне мәдени шара ұйымдыстырып, материалдық көмек беріп отырады.
«Кәсіподақ ұйымынан бөлек, жақын арада колледждің бас директоры Болат Рысқалиев әлеуметтік қолдауға зәру болып отырған техникалық қызметкерге 40 мың теңге материалдық қолдау көрсетті»,- деп атап өтті Р.Бралина.
Бұл еңбек адамының мүддесін қорғауда жұмыс беруші мен кәсіподақ арасындағы тығыз байланысты көрсетеді. Жалпы колледж ұжымында қолайлы моральдық ахуал мен жақсы көңіл-күй қалыптасқан. Яғни жұмыстың оң нәтижесіне ықпал етері анық.
Жаңа оқу жылы қарсаңында «Astana Politechnic» жоғары колледжі елорда әкімінің «Үздік ұйым -2022» грантын жеңіп алып, елорданың үздік колледжі мәртебесін тағы да растады.
Кездесу барысында «Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіподақтар орталығы» төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин және «Әділет» білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев ҚР Кәсіподақтар федерациясының және елордалық кәсіподақ орталығы мен салалық білім беру қызметкерлері кәсіподағының қазіргі таңдағы атқарып жатырған жұмыстарын айтып жеткізді. Сондай-ақ политехникалық колледж өкілдеріне оқу-өндірістік шеберханасын дамыту бағытында алдағы уақытта Кәсіподақтар федерациясының «Халықтық бюджет» жобасына қатысуға ұсыныс айтылды.