Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин облыс әкімі Ғали Есқалиевпен кездесті. Әлеуметтік әріптестер өңірде әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылады.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басшысы Сатыбалды Дәулеталин мен Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссияның отырысында мазмұнды әңгіме өрбіді.
Әлеуметтік әріптестердің талқылауының негізгі тақырыбы әлеуметтік әріптестік туралы өңірлік келісімді жүзеге асыру және жалпы әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамыту бойынша жергілікті атқарушы органдардың, кәсіподақтардың және жұмыс берушілердің бірлескен жұмысының көрсеткіштері болды.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Асылұлан Досжановтың айтуынша, жыл басынан бері 77 кәсіпорын тексеріліп, 149 заңбұзушылық анықталған, оның басым бөлігі әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатысты. Жұмыс берушілерге 76 ұйғарым шығарылды, 32 кәсіпорынға айыппұл салынды.
Әкімдік өкілі кәсіподақтармен бірлескен іс-әрекеттің оң мысалы облыс кәсіпорындарында еңбек жанжалдарының болмауы екендігін атап өтті.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысында 10 салалық және 14 жергілікті кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді, олардың құрамында 72 мың кәсіподақ мүшесі бар мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. 2022 жылдың 9 айында 10 жаңа кәсіподақ ұйымы құрылып, 1700-ден астам адам кәсіподақ ұйымына мүше болды.
Батыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Айгүл Есекенованың айтуынша, әлеуметтік әріптестердің басты жетістіктерінің бірі өңірдегі кәсіпорындар қызметкерлерінің еңбекақысын инфляция деңгейіне индексациялау бойынша нормалар мен кәсіпорындардың техникалық инспекторларын материалдық ынталандыру шараларының Өңірлік келісімге енгізілуі болды.
Дегенмен, Кәсіподақ орталығының статистикасы бойынша биыл облыс кәсіпорындарында 64 жазатайым оқиға орын алып, 47 адам зардап шегіп, оның 12-сі қаза болған.
Осыған орай, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестік тараптарына «Халықтық бақылау» бағдарламаларын енгізу, «VizionZero» стандарттарына қосылу және «ASPANS» еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша отандық цифрлық платформасын қолдану арқылы өндірістік жарақаттанудың алдын алу шараларын күшейтуді ұсынды.
Жиын барысында жұмыс берушілер атынан облыстық үшжақты комиссия мүшелерінің бірі Оралдағы «Зенит» зауытының директоры Вячеслав Валиев ҚРКФ төрағасына алғысын білдірді.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сатыбалды Дәулеталинге және Кәсіподақтар федерациясына машина жасаушылардың салалық кәсіподағы арадағы дауды реттеуге көмектескені үшін алғыс айтқым келеді. 10 тамызда Федерация алаңында біз бітімгершілік келісімге келдік», – деп атап өтті Вячеслав Валиев әлеуметтік әріптестердің жаңа салалық келісім жобасы бойынша жұмысына тоқталды.
Осы ретте Сатыбалды Дәулеталин облыстық үшжақты комиссия мүшелері алдында сөз сөйлеп, кәсіподақ ұйымы жоқ кәсіпорындарда жасалған ұжымдық шарттардың мазмұнына талдау жасау қажеттігін айтты.
«Кәсіподақтар ұжымдық шарттарға қол қойғанда, жұмысшылардың өтініштері ескеріліп, оларға белгілі бір әлеуметтік кепілдіктер беріледі. Кәсіподақтардың қатысуынсыз жасалған ұжымдық шарттар декларативті сипатқа ие және жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек қажеттіліктерін шешуге ешқандай әсер етпейді. Үшжақты комиссияның отырыстарында мұндай кәсіпорындардың ұжымдық шарттарының мазмұнын жұмыс берушілердің өздерінің қатысуымен қарауды ұсынамын», – деді ҚРКФ төрағасы.
Жұмысшыларға лайықты жағдай жасау тақырыбын жалғастырған Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының негізгі бастамаларына тоқталды.
«Біріншіден, Кәсіподақтар федерациясы еңбекақы жүйесін анықтау тетіктерін қайта қарау туралы ұсыныс жасады. Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 107-бабына сәйкес қызметкердің жалақысы еңбек шартында, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде айқындалатын жұмыс берушінің еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес белгіленеді. Жұмыс берушінің еңбекке ақы төлеу мәселелері бойынша қабылдайтын шешімдеріне қызметкерлердің ықпал ету тетіктерін қалыптастыру мақсатында біз Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қызметкерлердің өкілдерінің пікірін ескере отырып, жұмыс берушінің еңбекке ақы төлеу жүйесін айқындайтын актілерін қайта шығаруды көздейтін толықтырулар енгізуді ұсындық», – деді ҚРКФ төрағасы.
Сондай-ақ, ол Кәсіподақтар федерациясы соңғы бірнеше жылдан бері ең төменгі жалақыны белгілеу әдістемесін қабылдау қажеттігін мәлімдеп келе жатқанын және бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қолдағанын баса айтты.
«Әлеуметтік әділеттілікті ілгерілету кәсіподақтардың басты міндеттерінің бірі және ол ел Президентінің Әділ Қазақстанды құру бағытымен үндес. Біздің әлеуметтік әріптестер кәсіподақтардың қарсылас емес, серіктес екенін түсінуі керек. Кәсіподақтар ешқашан әлеуметтік шиеленістің себепкері болған емес және болмайды», – деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.
Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үшжақты комиссия отырысын қорытындылай келе, Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов ҚРКФ төрағасы айтқан барлық ұсыныстар ескерілетініне сендірді.
«Бүгін көтерілген барлық мәселелер облыстық үшжақты комиссияның келесі отырыстарында қаралатын болады. Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік әріптестері кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытудағы басты серіктесі екенін жақсы түсінеді», – деп түйіндеді сөзін Арман Өтеғұлов.
ҚРКФ делегациясының Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары жалғасуда, әлеуметтік әріптестермен келіссөздер және облыс кәсіподақ белсенділерімен кездесулер жоспарланған.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы