Әлеуметтік әріптестік аясында еңбек дауы оң шешімін тапты

Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Қайыңды ауылдық округіндегі Құндызды кен орнынан теміржол терминалына дейін мыс тасымалдаумен айналысатын “АТЭК” ЖШС автокөлік компаниясының жұмысшылары жуырда жалақыларынын көбейтуді талап етіп, жұмыс берушілерге шағымдарын жеткізді. Олар жалақыны көтермеген жағдайда, жұмысты тоқтатып, ереуілге шығатындарын білдірді.

Серіктестік жұмысшылары қыркүйектің 19-нда жалақыны 20%-ға арттыруды талап етті.

Жұмыс тобы құрылып, олар жұмысшылармен ашық диалог өткізді. Жұмысшылардың бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Олар «Ынтымақ» Салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалының құрамына енген. Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А. Әмірғалиев жұмысшылармен кездесіп, олардың талаптарын тыңдады.

Кездесуге Мұғалжар аудан әкімінің орынбасары, аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры, Қайыңды ауылдық округі және Ембі қаласының әкімі, сондай-ақ “АТЭК” ЖШС директоры А. Құтпанов та барды.

Кәсіпорында 230 адам жұмыс істейді, оның 102-сі Мұғалжар ауданының тұрғындары.

Кәсіпорын жұмысшылары “Қазгеоруд” серіктестігі үшін Ембі қаласынан 16 км қашықтықта орналасқан кен орнынан теміржол терминалына кенді тасымалдау бойынша көлік қызметтерін көрсетеді. Тасымалдау жүк көтергіштігі 40 тонна ауыр жүк машиналарымен жүзеге асырылады.

“АТЭК” ЖШС жүргізушілерінің жұмысына ақы төлеу кесімді жүйе бойынша бағаланады. Бір ауысымда 60 адам жұмыс істейді. Олар ауыр жүк машиналарының, тиегіштің, экскаватордың жүргізушілері, сондай-ақ слесарлар.

Кәсіподақ жетекшісі олармен келіссөздер барысында талаптарын жұмыс берушіге жазбаша жеткізіп, оларды оң шешуге ықпал ететіндерін жеткізді. Сонымен қатар жұмысшыларға кәсіпорындағы қызметі қауіпті өндіріспен, темір жолмен тікелей байланысты болғандықтан, ҚР заңнамасына сәйкес кәсіпорынның жұмысын уақытша тоқтату туралы хабарлау қажеттігі туралы заң нормалары түсіндірілді. Жұмысшылар келіссөздер нәтижесінде жұмыстарын қайта жалғастырды.

Олардың тадаптарын оң шешімін тапты. Келесі айдан бастап олардың бір қатынауына төленетін төлем 6800-ден 7200 дейін өсті.