Кәсіподақ төрағасы әлеуметтік сала қызметкерлерімен кездесті

Жамбыл өңірінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесулер жалғасуда. Бұл жолы облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов қалалық № 5 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ұжымымен кездеcті. «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында ұйымдастырылған басқосуда Бағлан Жиенәліұлы кәсіподақ ұйымдарының бүгінде атқарып отырған жұмысын айтып өтті.

Бүгінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен әр өңірде «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы ұйымдастырылуда. Аталған акцияның мақсаты – еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді ашық жеткізе отырып, оларды шешу үшін оңтайлы шаралар қабылдау.

Басқосуда кәсіподақтар орталығының төрағасы еңбек қатынастарын реттеу және кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін сақтау мен еңбек дауларының алдын алу турасында сөз қозғады. Сондай-ақ, «Әлеуметтік әріптестік» жылы аясындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайын жеткізді.

Жиында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Рахат Исатаева аталған мекемедегі ұжымдық шартқа сәйкес әр қызметкерге әлеуметтік жағдайлар жасалып жатқанын жеткізді. Рахат Төребекқызының айтуынша, бүгінгі күні орталық мамандарына тегін заң көмегін көрсету, жеңілдіктер мен өтемақыларды алуға көмек беру, материалдық қолдау көрсету, шипажайлық-курорттық емделуге жолдама беру сынды әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған.

Кездесу соңына Бағлан Жиенәліұлы еліміздегі ең іргелі ұйымға айналған кәсіподақ тарапынан қашанда еңбек адамдарының мұң-мұқтажы тыңдалып, мүддесі қорғалып, сондай-ақ оларға әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар, Бағлан Қарашолақов кәсіподақ жұмысына қатысты барлық маңызды ақпараттармен кәсіподақтың YouTube, Facebook сынды әлеуметтік желілеріне жазылу арқылы таныса алатынын айтты.

Айта кетейік, бүгінде қалалық № 5 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 349 қызметкер жұмыс атқарса, олардың барлығы кәсіподақ мүшелері. Аталған мекеме 400-ге жуық науқасқа қызмет көрсетеді.