Спорт – сергектік мәдениетін қалыптастырудың басты кепілі. Осы орайда Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында 23 қыркүйекте 10 қазан – ҚР Кәсіподақтар күніне орай “Әлеуметтік әріптестік” жылы аясында БҚО кәсіподақтар мүшелері арасында спартакиада өткізілді.
Шараны БҚО “Кәсіподақтар орталығының” төрайымы Айгүл Есекенова салтанатты түрде ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Спорттық шара 3 спорт түрін қамтыды. Олар: волейбол, шахмат және үстел теннисі. Әр спорт түрінен бөлек турнирлер өткізіліп, жеңімпаздар анықталды.
Командалық есепте 3 жүлделі орын иегерлері анықталды. III орын мемлекеттік “Қызмет” мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету салалық кәсіподағы командасы иеленсе, II орынды “SENIM” денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің кәсіподағы командасы, I орынды “Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы” командасы қанжығасына байлады. Оларға кубоктар мен грамоталар табыс етілді.