«Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» демекші, бүгінде екі қолға бір күрек табылатын нарық заманында құр жатуға болмайды. Еңбекпен көгерген ата-бабамыздың еңбексүйгіштігін ұрпаққа үлгі ете отырып, еңбектің маңызын түсіндіруде қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтетін Еңбек күнінің мәні зор. Адал еңбек мұратқа жеткізіп, құрмет биігіне бастайтынын ұғындыру мақсатында Жезқазған аймақтық кәсіподағының Балқаш қалалық филиалының төрағасы Асем Айтжанованың бастамасымен бастауыш кәсіподақ ұйымдарында түрлі шаралар өтті.
Еңбексүйгіштікке баулып, еңбек адамына құрметпен қарауды насихаттаған жиын барысында өнімді еңбек еткен кәсіподақ белсенділері ынталандырылды. Еңбекқор азаматтарды кәсіподақтың Құрмет грамотасымен, “Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін” белгісімен марапаттаған ұйымдастырушылар жас толқынға еңбек түбі береке екенін ұғындырып, ой салды.