Еңбеккерлер мерекесі аталып өтті

Жамбылда «Еңбек күніне» орай әлеуметтік әріптестердің ұйымдастыруымен ауқымды іс-шара өтті. Салтанатты жиынға облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов, облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов, Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдазимов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Кенжебек Олжабай, сондай-ақ бірқатар жергілікті атқарушы орган өкілдері мен түрлі саланың мамандары қатысты.

Басқосуда облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Нүркен Сейдалиев ағымдағы жылдың 8 айында атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Бүгінде аталған басқарма тарапынан 103 тексерулер мен 11 профилактикалық бақылау жүргізіліп, нәтижесінде 150 бұзушылықтар анықталған. Олардың басым бөлігі еңбек қатынастары мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты. Бұдан бөлек, жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары прокуратура органдарымен бірлесіп 13 кәсіпорында жалақы қарыздарын анықтап, бүгінде бұл олқылықтар толығымен жойылды. Нәтижесінде, 3424 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды. Сонымен қатар, биыл өңірде орташа жалақы мөлшері де артты. Ағымдағы жылы облыстың 1200 кәсіпорны 46 мыңнан аса жұмыскердің жалақысын орта есеппен 27,1%-ға көтерген.

Жиында облыстық кәсіподақтар орталығының бас маманы Бауыржан Қоңырбаев та баяндама жасады. Алдымен, Бауыржан Жұманғалиұлы облыстағы кәсіподақ ұйымдарының атқарып жатқан жұмысына тоқталды. Бүгінгі күні ҚР Кәсіподақтар федерациясы еңбек адамының мүддесін қорғауда іргелі істер атқаруда. Жыл сайын әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, «Парыз» және «Еңбек жолы» байқаулары ұйымдастырылып келеді. Оның ішінде «Еңбек жолы» байқауында аймақтың «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас қызметкері», «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» анықталып, адал еңбек адамдары дәріптелуде.

Салтанатты шара соңында еңбек ұжымдарында ұзақ жылдар бойы жемісті де абыройлы қызмет атқарған бірқатар азаматтар облыс әкімінің, «Amanat» партиясының, еңбек инспекциясы басқармасы мен облыстық кәсіподақтар бірлестігінің грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, Жарылқасын Айтақов пен Бағлан Қарашолақов игі шараға келген қонақтарды «Еңбек күнімен» құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.