Кәсіподақ еңбек ұжымдарына семинар ұйымдастырды

Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары үшін «Ұжымдық шарттар бойынша міндеттемелерді орындау» тақырыбында семинар ұйымдастырды. Шараға аймақтағы кәсіптік-техникалық колледждер мен облыстық мамандандырылған білім ошақтарының кәсіподақ төрағалары арнайы шақырылды.


Басты мақсат – ұжымдық шарттағы талаптар мен міндеттерді орындау, сол арқылы кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін және еңбек құқықтарын қорғау, кәсіподақ қызметінің тиімділігін арттыру.

Жалпы ұжымдық шарт дегеніміз – ұйымдағы әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттейтін, жұмысшылар өкілдері мен жұмыс беруші арасында жасалған жазбаша келісім түріндегі құқықтық акт. Бұл құжат оқу мекемелері қызметкерлерінің әлеуметтік еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау, қызметкерлер үшін қосымша әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және кәсіби кепілдіктер, жеңілдіктер мен басымдықтарды белгілеу, заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілер, әлеуметтік әріптестік туралы келісіммен салыстырғанда анағұрлым қолайлы жағдайлар жасау жасау жөнінде жұмыс беруші мен қызметкерлердің өзара міндеттемелерін айқындау үшін жасалады.

Семинар барысында қоғамдық бірлестік заңгерлері ұжымдық шартты жасасу, тараптардың жауапкершілігі, құжатта көрсетілген міндеттемелерді орындау тәртібі, қоғамдық бақылау жұмыстарын жүргізу жұмыстарына кеңінен тоқталды.ҚР Еңбек кодексінде белгіленген ұжымдық келіссөздер жүргізу және ұжымдық шарттың жобасын әзірлеу туралы жан-жақты түсіндірді.

Сонымен қатар, қатысушыларға кәсіподақтың іс-қағаздары мен бухгалтерлік құжаттарды жүргізудің заңдылықтары туралы мәлімет берілді.