Бердіқожаев Әділбек Сайлауұлы 31.05.1991 жылы дүниеге келген, Қарағанды Техникалық Университетінің түлегі, жоғары білімді, білікті маман. Ол Қарағанды қаласының Мағжан Жұмабаев атындағы гимназиясында «Робототехника» курсының жетекшісі болып жұмыс істейді. Сонымен қатар ол халықаралық LEGO Education академиясының сертификаттандырылған тренері, роботехника және инновациялық технологиялар байқауының судьясы, Қарағанды облысының білім беру және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы (төрайымы – Алмагүл Рақышева) жанындағы Жастар кеңесінің төрағасы, республикалық «30 еңбек елшісі» кәсіподақ жобасының жеңімпазы, «Қарағанды облысының білім беру саласындағы 100 жаңа есім» кітабына енген.
Әділбек Сайлауұлы 2014 жылдан бері «мұғалімдер тренері» қызметімен айналысады. Білім беру жүйесіндегі еңбек қызметі барысында Әділбек Сайлауұлы мыңнан астам қосымша білім беру мен орта мектеп мұғалімерін «Сайт құру», «3Д модельдеу және шығару», «Робототехника», «Графикалық дизайн» бағыттары бойынша оқытты. «Виртуалды робототехника», «Электроника және схемотехника», «Спорттық робототехника» курстарының авторы.
2018 жылы Дания мемлекетінде легоның отаны аталатын Биллунд қаласының LEGO Education академиясында «халықаралық мұғалімдер тренері» біліктілікті арттыру курсын аяқтады. 2018 жылдан бері «Стандарт-21» ТМД елдері бойынша LEGO, Tetrix, Kubo ресми дистрибьюторының тренері, бүкілресейлік робототехниктер қауымдастығының белсенді мүшесі. Ол робототехниканың қыр-сырымен тек өз отандастарымызбен бөлісіп қана қоймай, сонымен қатар, Әзірбайжан, Ресей, Өзбекстан және Германия елдерінің мұғалімдеріне де дәріс оқиды. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы, «EPAM Systems» ірі IT компаниясы, «USTEM Robotics» Қазақстан және орталық азияда робототехникада дамыту қоры, Аманат партиясы дәріс оқуға және онлайн-конференцияларға шақырып отырады.
Әділбек Сайлауұлының тәрбиеленушілерінің де жетістіктері өте көп. Олар барлық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдердің жеңімпаздары. Оқушылары жыл сайын өтетін қалалық «RoboKrg» фестивалінің, ерекше атап өте кетсек: 2016 жылы өңірлік робототехника олимпиадасының, 2017 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Kazroboproject-2018», 2018 жылы «Roboland-2018» және «Kazrobotics-2018», 2019 жылы Ресей мемлекетінің Красноярск қаласында өткен «FIRST LEGO League» халықаралық байқауларының жеңімпаздары. 2020 және 2022 оқу жылдары «RoboKRG» қалалық робототехника байқауының «Үздік команда» номинациясының иегерлері.
Жемісті жұмысы мен педагогикалық қызметке және кәсіподақ қозғалысына қосқан жеке үлесі үшін Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы және Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы алғыс хаттарымен, «30 еңбек елшісі» кәсіподақ медалімен марапатталған.