Бүгін жылдармен жаңаланып, заман талабынан көрініп келе жатқан Жезқазған жоғары политехникалық колледжін тізгіндеген аз-кем уақыттың ішінде білім ордасының бәсін биіктетіп, өрісін кеңейткен Бота Аман туралы қалам тербемекпіз. Тарихы да, тәжірибесі де бай білім шаңырағына 2018 жылы директор қызметіне тағайындалған Бота Мәлікаждарқызының өмір дастаны еселі еңбекпен өрілген.
Бота Аман өз ғұмырын жарты ғасыр бойы сапалы кәсіби мамандар даярлау ісімен айналысып келе жатқан бұрынғы құрылыс техникумы, қазіргі Жезқазған жоғары политехникалық колледжімен 1993 жылы байланыстырса керек. Дәл осы жылы ол өзі басшылық етіп отырған колледж төрінен бухгалтер болып түлеп, жұмысқа қабылданды. Қатардағы есепшіден бас бухгалтер лауазымына көтерілген біздің кейіпкер білімін жетілдіруден тынбай Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін инженер-экономист, Евразиялық нарық институтын экономист мамандығы бойынша тәмамдап, 1996 жылы өзін ұстаздық жолда сынап көрмекке бел буды. Міне, содан бері Бота Мәлікаждарқызы шәкірт жүрегіне жол тауып, ел экономикасының дамуына қажетті мамандарды даярлауда өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып келеді. Әр жылдары экономика бөлімінің меңгерушісі, директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған Бота Аманның басшылығымен 2019 жылы колледж институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден сәтті өтіп, 2019-2020 оқу жылынан бастап «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандықтары бойынша қолданбалы бакалавр біліктілігі бар кадр дайындай бастады. «Электрмен жабдықтау», «Төтенше жағдайларда қорғау» сияқты екі жаңа мамандық бойынша маман даярлауға лицензия алған колледжде «Сарыарқа» газ магистралінің құрлысына байланысты 2020 жылы «Газбен жабдықтау жабдықтары мен жүйелерін монтаждау және пайдалану» мамандығы ашылды. Сонымен қатар, материалдық техникамен жабдықтау, шетелдік әріптестерді тарту, халықаралық стандарттарды енгізуді мақсат еткен республикалық «Жас маман» жобасының қатысушысы атанған колледждің оқу зертханалары қайта жаңартылып, заманауи жабдықтар сатып алынды. Колледж жанынан халықаралық «World Skills» чемпионаттарына студенттерді дайындау үшін құзіреттілік орталығы ашылғаны тағы бар. Сондай-ақ, аталған орталық Жезқазған-Ұлытау аймағының болашақ мамандары сырлау және сылау, қаптау, сантехника және жылыту жұмыстарының қыры мен сырын меңгере алатын тәжірибе алаңына айналды. Бұл Бота Аманның жетекшілігімен жүзеге асқан игі істердің бір парасы ғана. Ұжымды жұмылдырып, ортақ мақсатқа жігерлендірген басшының ең үлкен жетістігі – 2020 жылы 15 қыркүйекте Қарағанды облысы әкімдігінің Қаулысымен оқу орнына «жоғары колледж» мәртебесінің берілуі. Жаңалықты жатсынбай, өзгеріс енгізуге бейім басшының әр бастамасын қолдаған ұжым былтыр Жезқазған қаласы бойынша «Жылдың үздік оқу орны» атанды.
Ұлағатты ұстаздар салған сара жолды әрі қарай заман талабы мен нарық сұраныстарының қажеттілігіне сай жалғастырған Бота Мәлікаждарқызының өз ісіне берілгендігі мен іскерлігі «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен бағаланды. Түрлі деңгейдегі Құрмет грамоталарымен еленген Бота Аманның есімі халықаралық «Білім саласының үздіктері» энциклопедиясы енген.
Саналы ғұмырларын білім саласына арнап, колледждің тіршілігімен тағдыры біте қайнасқан Бота Аманның жеңіске толы еңбек жолы жастарға үлгі. Нарық сұранысына нақты жауап бере алатын маман даярлап келе жатқан Жезқазған жоғары политехникалық колледжі бастауында Бота Амандай білікті басшы, ұлағатты ұстаз тұрғанда білім ордасы ұжымы мен түлектердің бағындырар белестері мен алар асулары зор.