Жамбыл облысы әкімінің төрағалығымен үшжақты комиссия отырысы өтті

Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының ұйытқы болуымен облыстық үшжақты комиссия отырысы өтті. Бұл үшжақты комиссия отырысына облыс әкімі Нұржан Нұрижігітов төрағалық етті.

Комиссия отырысына облыстық салалық кәсіподақ ұйымдарының басшылары, жергілікті басқарма басшылары, барлық аудан әкімдері мен бірқатар өндіріс ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Жиында екбек қатынастарын реттеу, жалақыны уақтылы төлеу, лайықты еңбек жағдайларын жасау, еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау, еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, жұмыскерлердің әлуеметтік кепілдіктерінің сақталуы, облыстағы әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру және өңірдегі жалақыны көтеру бойынша мәселелері қаралды.
Жамбыл облысы әкімдігінің Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақовтың мәліметтері бойынша биылғы жылы облыстағы 1200 кәсіпорын 46051 мың жұмыскердің жалақысын орта есеппен алғанда 27,1%-ға көтергені айтылды. Ал жазатайым оқиғалар саны жыл басынан бері 20 жағдайды құрап, онда зардап шеккендер саны 22 адамға жетті. Мерт болғандар саны 8 адам. Осыған байланысты өңірде көп жазатайым оқиғалар орын алған ірі өндірістік кәсіпорын басшыларының есебі тыңдалды. Осыған байланысты комиссия отырысына арнайы шақыртылған «Казфосфат» ЖШС-нің басшылығы өз баяндамасында кәсіпорында өндірістік жарақаттың алдын алу мақсатында, еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандар санының артқанын айтып, кәсіпорын «Vision Zero» нөлдік жарақат концепциясына қосылғанын жеткізді.

Сол сияқты өңірдегі ірі кәсіпорындардың бірі «Жамбыл электр желілері» ЖШС-нің басшылары да кәсіпорындағы жұмысшылардың жалақысын алдағы уақытта көтеру жолдарын қарастырып, осы бағытта жұмыстар атқарып отырғандарын айтты.

Кездесуде сөз алған облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов облыстың кәсіподақ ұйымдарының қазіргі жай-күйі мен атқарып отырған жұмыстарын айтып, кәсіподақ ұйымдарындағы өзекті болып отырған, жалақыны көтеру мәселесіне тоқталды.

Сонымен қатар комиссия отырысында Жамбыл облысының әкімдігі, «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және Жамбыл облысының жұмыс берушілерінің өкілі арасындағы 2021−2023 жылдарға арналған Келісімге өзгертулер мен толықтырулар қабылданды.

Басқосуды қорытындылаған аймақ басшысы әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге байланысты үшжақты комиссияның аудандар мен қала деңгейінде де жүйелі жұмыс істеп, нақты нәтижеге жетуі қатаң бақылауда екенін ескертті. Аудан әкімдері мен тисіті басқармаларға жаңадан бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру бойынша бірқатар міндеттерді жүктеді.