Қызылордада «Еңбек – елдің мұраты» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды

Қызылордада «Еңбек – елдің мұраты» атты дөңгелек үстел өтті. Елімізде атап өтілетін мерекелер тізбесінде қыркүйек айының соңғы жексенбісіне белгіленген Еңбек күніне арналған дөңгелек үстел жұмысына еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестер, еңбек ардагерлері, түрлі сала мамандары, кәсіподақ белсенділері қатысты. Жиын модераторы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов «Бұл күнді мерекелеудің негізгі мақсаты өнімді еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы мамандықтарды насихаттау және жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту болып табылады» деп атаулы күннің маңыздылығына тоқталды. ««Еңбек – өмір мәні» десек, бұл мереке адал еңбегімен еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген баршаңызға деген құрметтің көрінісі. Сондықтан барлықтарыңызды Еңбек мерекесімен құттықтаймын!» – деді облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов.

Еңбекті қоғамның негізгі құндылығы ретінде дәріптеуде кәсіподақтарға жүктелетін міндеттің ерекшелігі мен жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық және заңды еңбек құқықтарының бұзылмауын, еңбек қауіпсіздігінің заң аясында сақталуын қадағалаудағы кәсіподақтар ролі туралы дөңгелек үстел жұмысы барысында аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев айтты.

Жиында кейінгі ұрпақ пен аға буынның арасындағы байланысты нығайта, жастардың еңбек жолына бағыт беріп, оларды еңбекке баулу мен тәрбиелеуде үлес қосып жүрген ардагерлер Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасы Серік Дүйсенбаев, «Қызылорда облысының құрметті қайраткері», «Арал ауданынының Құрметті азаматы», «Құрмет белгісі» ордені мен «Еңбек ерені» медалінің иегері Қуанышқали Шапшанов еңбектің мәні туралы тағылымды сөз өрбітті.

Дөңгелек үстелде жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс орындарындағы еңбе жағдайын жақсарту, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және табысын арттыру бойынша облыс әкімдігі мен облыстық кәсіподақтар орталығының 2021 жылы «Алтын сапа» байқауының «Үздік кәсіпорын» номинациясының жүлдегері «Абай Даулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен, мұнай және табиғи газ өндіруді техникалық қамтамасыз етумен айналысатын «ЭйчУай мұнай-технологиялық қызмет» компаниясымен Меморандумдарға қол қойылды.

Сонымен қатар, еңбекті ұлықтауға арналған мереке күніне орай аймақта еселі еңбек етіп, ел алғысына бөленіп жүрген сала қызметкерлеріне, кәсіподақ белсенділеріне облыс әкімдігінің, салалық кәсіподақ бірлестіктері мен аумақтық кәсіподақ бірлестігінің марапаттары табысталды.