Кәсіподақ өкілдері еңбек қатынастары мәселелерін талқылады

Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында қаладағы шағын кәсіпорын «Паритет-2004» ЖШС-гі ұжымымен кездесті.

Өндіріс орынындағы кездесуде Бахтияр Сайлаубекұлы жұмысшыларға ҚР Кәсіподақтар Федерациясының бастамасымен әр өңірде өтіп жатқан «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының мақсатын түсіндіре отырып, бүгінде аймақтағы кәсіподақ ұйымдарының атқарып отырған жұмытары туралы жан-жақты айтып берді. Сондай-ақ еңбек қатынастарын реттеу және кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету, еңбек қауіпсіздігінің сақталуы мен еңбек дауларының алдын алу мәселесінің маңыздылығын жеткізді.

Жиында сөз алған «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіподағының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Асанбек Наурызбаев саладағы бастауыш ұйымдарына жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

Серіктестік басшылығы кәсіпорынның негізгі қызметі – құрамында хлоры бар заманауи залалсыздандыру құралдарын өндіру және оны сату, өндірілетін тауарлар елімізде белгілі импорттық аналогтармен сапа мен баға бойынша бәсекелесетінін жеткізді. Сонымен қатар жұмысшыларға жағдай жасалып, кәсіпорында ұжымдық шарт қабылданғанын, алдағы уақытта өндіріс ауқымын ұлғайта отырып, жұмысшылардың жалақысын жоғарылату бағытында жұмыстар жүргізетінін тілге тиек етті.