ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының Халықаралық қарттар күнімен құттықтауы

Құрметті қариялар, ардақты ақсақалдар, ақ жаулықты әжелер!
Сіздерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
«Қарты бар ел – қазыналы ел» демекші, үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Ұзақ жылғы еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған Сіздерді игілік пен ізгіліктің, пайым мен парасаттың үлгісі деп санаймыз. Өткенімізді өшірмей, болашағымызға батыл қадам жасау үшін де өскелең ұрпаққа өнеге боларлық істерімізді жеткізіп, елдің берекелі бірлігі мен тату тірлігі жолында аянбай еңбек еткен ардагерлерді ардақтап, құрмет көрсетудің мәні зор.
Мемлекетіміз қазыналы қарттарымыздың әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатында әртүрлі бағытта жұмыстар атқарып, мәдени-рухани өмірге белсене араласуларыңа қолайлы жағдай жасауда. Қазақ халқының ұлттық менталитетінің жарқын белгісі қашанда үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсету десек, бұл игі дәстүр лайым жалғасын таба берсін.
Бүгінгі мерейлі мерекеде баршаңызға зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасыларыңызға амандық, ұрпақтарыңызға бақ-береке тілеймін!
Ізгі ниетпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С.Дәулеталин