30 қыркүйек, жұма күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин еліміздің қарулы күштерінің бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен кездесті.
«Қарулы күштер қызметкерлерінің салалық кәсіподағының бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары ҚРКФ оқу семинарына қатысу үшін еліміздің сегіз облысынан Астанаға келді», – деді «Қазақстандық Қарулы Күштер және басқа әскери құрылымдар қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ төрағасы Төрехан Ерденбеков.
Әріптестер алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ үшін оның мүшелерінің әл-ауқатының маңыздылығын атап өтті.
«Салалық кәсіподақтың міндеті – әскери қызметшілеріміздің лайықты өмір сүру және еңбек ету жағдайларын қамтамасыз ету. Олардың бүкіл халықтың игілігі жолындағы берекелі қызметі көп жағдайда біздің сарбаздарымыздың құқықтарының қаншалықты қорғалғанына байланысты», – деді ҚРКФ төрағасы.
Ішкі саяси жағдайға тоқталған ҚРКФ басшысы Кәсіподақтар федерациясы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген Әділ Қазақстанды құру бағытын толық қолдайтынын атап өтті.
«Әділеттілік принциптерін ілгерілету кәсіподақтардың табиғатында. «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» ұранымыз – біздің іс-қимыл жоспарымыз. Сондықтан Әділ Қазақстанды құруда Федерация мен оған мүше ұйымдар, кәсіподақтар алдыңғы қатарда болуы керек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Оның айтуынша, Федерация мен оған мүше ұйымдар әлеуметтік-еңбек саласындағы проблемаларды жария ете отырып, нақты шешімдерді ұсынады. Бұл ретте ҚРКФ бастамалары ел басшылығы тарапынан қолдау тауып отыр.
«Түрлі алаңдарда біз ең төменгі жалақыны қалыптастыру әдістемесін әзірлеу қажеттілігі туралы мәселе көтердік. Федерацияның бастамасы ел Президенті тарапынан халыққа Жолдауында қолдау тапты. Келесі жылдың өзінде-ақ Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл әдістемені ұсынады. Бүгінде біз Парламент пен үкіметтегі жұмыс топтары арқылы еңбек заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстарына белсене атсалысамыз. Жалақыны инфляция деңгейіне дейін жыл сайынғы индексациялау заңнамалық деңгейде бекітіліп, жұмыс берушілер еңбекақы қорын қалыптастыру мәселесін кәсіподақтармен келісу керек деп есептейміз», – деді Сатыбалды Дәулеталин әріптестеріне.
ҚРКФ төрағасы, сонымен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары кәсіподақ қозғалысының алдыңғы қатарында және негізгі ньюсмейкерлері бола отырып, мықты және бәсекеге қабілетті болуы керектігін атап өтті.
«Кәсіподақ активінің біліктілігін арттыру Кәсіподақтар федерациясы қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Келіссөздер үдерісінің дағдыларын, еңбек және кәсіподақ заңнамасын қолдану тәжірибесін, көшбасшылық қасиеттерді үнемі жетілдіріп отыру қажет. Федерация жанынан Кәсіподақ көшбасшыларының мектебі жұмыс істейді, семинарлар мен тренингтер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Тек соңғы екі жылда мыңға жуық осындай оқыту семинарлары өткізіліп, 46 мыңнан астам кәсіподақ мүшелері қамтылды. Біз бұл жұмысты тұрақты түрде жалғастырамыз. Күшті жергілікті кәсіподақ көшбасшылары – еңбек ұжымдарының әл-ауқаты мен тиімді әлеуметтік әріптестіктің кепілі», – деді ҚРКФ төрағасы сөзінің соңында.
ҚРКФ медиаорталығы