Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмыс барысы талқыланды

Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов өңірдегі ең ірі кәсіпорын «Казфосфат» Жаңа Жамбыл фосфор зауыты жұмысшыларымен кездесті.

Кездесуде Бағлан Жиенәліұлы зауыт жұмысшыларына «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының мән-жайын айта келе, мұндай кездесулер бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тікелей байланыс орнатып, еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.


Сондай-ақ, кәсіподақ мүшелеріне ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Әлеуметтік әріптестік» жылы аясындағы атқарылып жатқан жұмысы жайлы қысқаша баяндап өтті.
Басқосуда бастауыш ұйымының төрағасы Шахтыбай Байғанов зауытта кәсіподақ ұйымының атқарып отырған жұмыстары барысын айтып, алдағы уақытта барлық жұмысшыларға жұмыс беруші тарапынан тегін тамақ берілетінін және кәсіпорынның ұжымдық шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізілетінін жан-жақты айтып берді.

Зауыт жүмысшыларының қойған өзекті сұрақтарына жауап берген кәсіподақ басшылары, еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғауда, жұмысшыларға лайықты еңбек жағдайын жасау жұмыстары әрқашан жүргізілетінін нақтылап айтты.

«Казфосфат» Жаңа Жамбыл фосфор зауытында бүгінгі күні 2400 ден аса еңбеккер жұмыс істейді. Биылғы жылы жұмысшылардың жалақысы 20%-ға артқан.