Тілге тиек еткелі отырғанымыз – Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Физика және математика» білім беру бағдарламасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Сеитова Сабыркүл Мақашқызы.
Сеитова Сабыркүл Макашевна 1951 жылы 18 сәуірде Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шиен ауылында дүниеге келген. Сабыркүл Макашевна 1968 жылы Шиен орта мектебін бітіріп Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетіне «Математика» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1972 жылы бітірген.
Институтты жақсы тамамдаған оның осы оқу орнында қызметке қалуына да, аспирантурада білімін жалғастыруына да жол ашық еді. Алайда ол ауыл мектебіне баруды парызы санап, өзінің түлеп ұшқан Шиен орта мектебіне келген, яғни еңбек жолын 1972-1975 жылдары Алматы обылысы, Жамбыл ауданы, Шиен орта мектебінде «Математика» пәні мұғалімі қызметін атқарудан бастаған.
Біраз жыл мектепте еңбек еткен жас мұғалімге, ғылымға деген ұмтылыс маза бермеді. Сөйтіп, осы құштарлық оны қайтадан Алматыға, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына алып келді.
1975-1981 жылдар арасында Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында алдымен стажер-зерттеуші болып, содан соң аспирантурада оқыған. Аспирантураны бітірген маман ретінде Білім және Ғылым министрлігінің жолдамасымен 1981 жылдың қаңтар айынан бастап І.Жансүгіров атындағы Талдықорған педагогикалық институтына қызметке жіберілді.
Ол барлық ғұмырын осы қасиетті қара шаңырақ білім ордасында өткізіп келеді. «Математиканы оқыту әдістемесі» мамандығы бойынша 1995 жылы «Методика изучения элементов математического анализа в средней общеобразовательной школе» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. (Ғылыми жетекшілері: п.ғ.к., доцент М.У. Искаков, ф-м.ғ.к., профессор Е.У. Медеуов). С.М. Сеитова 1998 жылы доцент ғылыми атағын алды.
Сабыркүл Сеитова ғылыми жұмыстармен айналасуын жалғастыра жүріп, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде К 14 А 02.02 диссертациялық кеңесінің 1997-2000 жылдар аралығында мүшесі болды.
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде 2003-2008 жылдары «Математика және информатиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. Осы жылдарда математика және информатиканы оқыту әдістемесі кафедрасының дәрежесін көтеру мақсатында мектептермен тығыз байланыста жұмыс істеді. Осы жұмыстарының нәтижесінде мектептермен бірлесе бірқатар әдістемелік оқулық құралдар дайындалды.
2010 жылы «Орта мектепте жоғары математика элементтерін оқытудың ғылыми әдістемелік негіздері» (Ғылыми кеңесшілері: п.ғ.д., профессор Б.Баймуханов, п.ғ.д. профессор Д.Рахымбек) тақырыбында докторлық дисертациясын қорғап, 2011 жылғы 13 мамырда бекітіліп, педагогика ғылымдарының докторы дәрежесі берілді.
2018 жылы «Педагогика» мамандығы бойынша профессор атағы берілді.
230-ден астам ғылыми-әдістемелік мақалалары мен оқу құралдары бар.
Бүгінгі күні І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің «Физикка және математика» білім беру бағдарламасының профессоры қызметін атқаруда. С.М. Сеитова университетте коғамдық өмірге белсене араласады, университет ғылыми кеңес мүшесі, физика-математика факультетінің ғылыми-әдістемелік кеңесінің төрайымы, кафедраның ғылыми-әдістемелік тобының жетекшісі, факультет кеңесінің хатшысы, математика және жаратылыстану факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.
Сонымен қатар, Алматы облысының білім басқармасы мемлекеттік мекемесінің «Әдістемелік кабинетінің» жұмыстарына үнемі қатысып отырды. Қазақстан Республикасының Кіші Ғылым Академиясы ХХІІІ облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясының өтуіне байланысты, іріктеу комиссиясының математика, физика бағыты бойынша төрайымы, 2014 жылдың 25 сәуірінде «Педагогтың кәсіби құзыреттілігі – білім беру сапасын көтерудің факторы» тақырыбында облыстық педагогикалық оқу өтуіне байланысты бағыттар бойынша секция жұмыстарына сараптау комиссиясының құрамында, химия, биология, математика, физика пәндері мұғалімдері арасында облыстық «Педагогикалық олимп» атты педагогикалық идеялар мен жобалар байқауында сараптау мүшесі қызметтерін атқарды.
2018-2021 ж.ж. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының жұмысына атсалысып, «Математика» пәніне байланысты жаңартылған білім беру мазмұнына сай дайындалған оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарға сараптама жасау комиссиясының төрайымы міндетін атқарды.
Сол сияқты осы аталмыш жылдардан бүгінгі күнге дейін «Болон процесі және академиялық ұтқырлық» орталығы ұйымдастырған ЖОО-нының БББ -на (білім беру бағдарламасы) сараптама жасау комиссиясының мүшесі міндетін атқаруда.
Сабыркүл Макашевна өзінің ғылыми-педагогикалық қызметі жолында әлемнің көптеген университеттерінде болды. Соның ішінде Сорбона униврситеті (Париж, Франция), Гумбальт униврситеті (Берлин қ., Германия) т.б. Дубай қ. (БАӘ), Мәскеу қ., Новосибирск қ., Курск қ. (Ресей Федерациясы), Париж қ. (Франция), Ташкент қ. (Өзбекстан) сияқты көптеген шет елдік ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысқан.
2018-2019 оқу жылында І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-де ашылған диссертациялық кеңестің мүшесі, соңғы жылдары диссертациялық кеңестің төрайымы қызметін атқарды.
Осы уақытқа дейін ол кісінің жетекшілігімен үш педагогика ғылымдарының кандидаты, үш философия докторы (Phd) дайындалып, 20 магистрант магистрлік диссертацияларын қорғады, бес докторант ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауда.
Сабыркүл Мақашқызы «Орта және техникалық кәсіптік білім беру ұйымдарында электрондық оқыту жүйесін енгізу» мемлекеттік бағдарламасы румындық «СИВЕКО» компаниясымен бірлесіп, «Математика» пәні бойынша сандық білім беру ресурстарын әзірлеу бойынша авторлық ұжымның мүшесі, «Орта жалпы білім беретін мектептер мен ЖОО-да математиканы оқытуда нейролингвистикалық бағдарламалау технологиясын қолдану» атты жобаның жетекшісі ретінде іргелі зерттеу жұмыстарын жүрізді.
Сабыркүл Мақашқызының ғылым жолындағы 40 жылғы еңбегі атаусыз өткен жоқ. Ол бүгіндері «Қазақстан республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік төс белгілерімен, сол сияқты ҚазМемҚызПУ дамуына қосқан үлесі үшін «Құрмет белгісі», І Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде білім беру мен ғылымдағы жоғары жетістіктері, көп жылдық еңбегі, кәсіби шеберлігі «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен және Білім және ғылым министрінің, облыстың, университет ректорының құрмет грамоталарымен марапатталған.
Сонымен қатар білім беру, ғылым және тәрбие ісінің дамуына, білікті мамандар дайындауға қосқан үлесі үшін І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Құрмет кітабына» енгізілді.
Сабыркүл Мақашқызы 2017 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын иеленді
Жанұяда үш бала тәрбиелеп өсірген. Ұлын – ұяға, қыздарын – қияға қондырған ана.