ҚРКФ Бас кеңесі: Сиязбек Мұқашев Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ Даңқы» жоғары марапатымен марапатталды

Бүгін, 5 қазанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен ҚРКФ Бас кеңесі мүшелерінің кезекті отырысы өтті. Отырыс бейнеконференцбайланыс арқылы болды.

ҚРКФ төрағасы әріптестерін қыркүйек айында Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің (ОАЕКК) II отырысы туралы хабардар етті.

Еске салайық, 21-23 қыркүйекте ҚРКФ төрағасы бастаған қазақстандық делегация отырысқа қатысты, онда Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі (ОАЕКК) мүшелерінің бірауыздан қабылданған шешімімен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин осы ұйымның Бас хатшысы болып сайланды және Қырғызстан кәсіподақтар федерациясы мен Моңғолия кәсіподақтар конфедерациясы бұрын жіберілген өтініштеріне сәйкес ОАЕКК жаңа мүшелері болып қабылданды.

«Кәсіподақтар федерациясының халықаралық байланыстарды нығайту бағытын жалғастыра отырып, біз 6-7 қазанда Алматыда Халықаралық еңбек ұйымымен бірлесе отырып, «Еңбек нарығын дамыту және лайықты еңбекті қамтамасыз ету үшін цифрлық өзгерістерді пайдалануда кәсіподақтардың рөлі» Орталық Азия елдері кәсіподақтарының аймақтық конференциясын өткіземіз. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы еңбеккерлердің әлеуметтік, еңбек, кәсіптік, экономикалық және өзге де заңды құқықтары мен мүдделерін, кәсіподақ қызметінің құқықтары мен кепілдіктерін қорғау бойынша кәсіподақтардың ұлттық бірлестіктерінің іс-әрекеттерін үйлестіруді жалғастырады. Бүгінгі таңда Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі Орталық Азия аймағындағы 15 миллионнан астам жұмыскердің лайықты еңбек стандарттарына қол жеткізу жолындағы ынтымағын нығайтуға және халықаралық кәсіподақ ынтымақтастығын дамытуға үлес қосуда», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының және оған мүше ұйымдардың халықаралық қызметін Бас кеңес мүшелері бірауыздан мақұлдады.

Алдағы жоспарлар туралы айта келе, Бас кеңес мүшелері 10 қазан – Кәсіподақтар күніне жоспарланған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Бірлік. Әділеттілік. Даму» Ынтымақтастық форумының күн тәртібін талқылады. Форум Астанада өтеді.

«Кәсіподақ көшбасшылары қазақстандық жұмыскерлерге лайықты жағдайлар мен еңбекақы төлеудегі басты мақсаттарымызды ілгерілету үшін кәсіподақ қозғалысының алдағы міндеттерін белгілеу және Кәсіподақтар федерациясы мен оған мүше ұйымдардың қызметінің стратегиясында белгіленген әділеттілік қағидаттарын жүзеге асыру бойынша алдағы қадамдарды белгілеу үшін Астанада бас қосады», – деді ҚРКФ төрағасы.

Қазақстанда Кәсіподақтар күні кәсіби мереке ретінде ресми түрде белгіленгеннен бері үшінші жыл тойлануда.

Бас кеңес мүшелері тәуелсіз Қазақстанның кәсіподақтарын қалыптастырудағы айтулы қызметі, әлеуметтік әріптестікті, заң шығарушы және атқарушы билік органдарымен және жұмыс берушілер бірлестіктерімен сындарлы диалогты дамытуға, сондай-ақ кәсіподақ ұйымдарын біріктіруге  қосқан жоғары үлесі үшін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бұрынғы төрағасы Сиязбек Өнербекұлы Мұқашевқа  ерекшелік дәрежесін беру және «Кәсіподақ  Даңқы» белгісімен марапаттау туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар, ҚРКФ Бас кеңесінің құрамында өзгерістер болып, Бас кеңестің жаңа мүшелерінің өкілеттігі бекітілді.

Кеңес отырысының соңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әріптестерімен елімізде өтіп жатқан Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына қатысты сайлау науқанына қатысты азаматтық ұстанымымен бөлісті.

«Соңғы бірнеше жылда Федерация мен оған мүше ұйымдардың ел еңбеккерлерінің әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамалары ел Президентінің тарапынан қолдау тапты. Ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен көтеру, Мемлекет басшысының Үкіметке ең төменгі жалақыны қалыптастыру әдістемесін әзірлеу туралы тапсырмасы, Федерацияның еңбек заңнамасына қатысты ұсыныстарын егжей-тегжейлі қарастыру – біздің кәсіподақтардың ұсыныстарына нақты жауаптар. Сыртқы саясатта, посткеңестік кеңістіктегі шиеленістер салдарынан аймақ тап болған күрделі геосаяси уақытта Қасым-Жомарт Тоқаев өз елінің мүддесін ойлайтын Президент және әлемдік деңгейдегі саясаткер, беделді дипломат ретінде өзінің берік ұстанымын көрсетті. Тоқаев бастаған өзгерістер қоғамның сұранысына жауап береді. Сондықтан сайлау додасында мен Қазақстанның қазіргі Президентін қолдаймын – бұл менің жеке азаматтық ұстанымым. Федерация атынан алқалы түрде шешім қабылдаймыз», – деп түйіндеді сөзін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ медиаорталығы