Шымкентте кәсіподақ мүшелеріне жолдау насихатталды

Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалының құрамындағы «Водные ресурсы – Маркетинг» мекемесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын насихаттау мақсатында жиын болып өтті.

Кездесуге ақпараттық-насихаттық топтан Қоғамдық кеңес төрағасы, «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Қоғамдық кеңес мүшелері – Ысмайыл Шалабаев, Рүстем Ашетаев, Ербол Жолбарысов, әлеуметтік әріптес «Водные ресурсы – Маркетинг» ЖШС-ң басшысы Анарбек Орманов және мекеме қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Кездесуде қалалық штаб мүшелері Жолдау аясында баяндама жасады.

Баяндамашылардың басым көпшілігі Президент Қазақстан халқына жасаған кезекті Жолдауында еліміздегі жүргізіліп отырған Конституциялық реформаның негізгі бағыты ол саяси-әлеуметтік жүйені жаңғырту арқылы әділетті Қазақстанды құру екендігін баса айтып, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайына көңіл бөліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсарту, шағын және орта бизнесті дамыту, макроэкономикалық жүйені тұрақтандыру, жаңа салық саясатын енгізу, білім мен медицина саласындағы атқарылатын басым бағыттарға тоқталып өтті.

Жиында сөз алған азаматтар Жолдауда берілген тапсырмалар мен атқарылатын жұмыстарға қатысты өз ойларын ортаға салды. Әлеуметтік әріптес Анарбек Оңғарұлы штаб мүшелеріне Президент Жолдауын толығымен түсіндіріп бергеніне ұжым атынан алғысын білдіріп, мекеме қызметкерлері жаңа саясатты толық қолдайтындығын алға тартты.