Кәсіподақ төрағасы Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің пленумына қатысты

Еліміздің үшінші мегаполисінде Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, кәсіподақ ардагері Досыбай Шерімқұлов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова, тексеру комиссиясының мүшелері мен ардагерлер кеңесінің мүшелері, аға буын өкілдері мен әжелер кеңесі, түрлі мемлекеттік органдардың өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алқалы жиынды қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев ашып, жүргізіп отырды. Жиын барысында алдымен ардагерлер кеңесінің атқарған жұмысы туралы есебі тыңдалды. Жарыссөзге шыққан кеңес мүшелері алдағы жұмыс жоспарларын пысықтап, өз саласына қатысты бағытқа пікір білдірді.

Күн тәртібінде қаралған Шымкент қаласының ардагерлеріне әлеуметтік қамқорлық көрсетудің барысы туралы мәселе жан-жақты талқыланып, баяндалды. Жиын барысында қазыналы қарттардың материалдық және әлеуметтік тұрмыс жағдайы, денсаулығын сауықтыруға арналған жолдамаларға қатысты Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова жыл басынан бері атқарылған жұмыстары жайлы баяндама жасап, көпшілік алдында есеп берді. Пленумға шақыртылған аға буын өкілдері басқарма басшысымен кездесу сәтін оңтайлы пайдаланып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.

Ашық пікір алмасу алаңында одан өзге халыққа ұсынылатын медициналық қызметтің бүгінгі жағдайы мен көрсетіліп жатқан қызмет түрлерін жақсарту мәселелері туралы ұсыныс-пікірлер қызу талқыға түсті. Бұл жөнінде Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков баяндама жасады. Басқарма басшысы баяндамаға қатысты Пленум мүшелерінің тарапынан айтылған әрбір ұсыныс-пікір назардан тыс қалмайтынын айтып, сұрақтарға жеке-жеке жауап берді.

Алқалы жиынның регламентіне сәйкес, жиында ардагерлер кеңесінің жаңа Пленум мүшелерін қосымша сайлау мәселелері де қаралды.

Одан өзге алдағы уақытта ардагерлерге бірқатар жеңілдіктер қарастырылып жатқаны туралы да сөз болды. Қорытынды нәтижесінде кеңес мүшелері мен жиынға қатысушылар ұйым жұмысына оң баға берді. Шара соңында еңбегімен танылған ардагерлер қозғалысының белсенділеріне арнайы марапаттар табысталды.