Маңғыстауда ҚР Кәсіподақтар күні атап өтілді

Достық үйінде 10 қазанда атап өтілетін Қазақстан Республикасының кәсіподақтар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Бұл іс-шараның мақсаты-кәсіподақ ұйымдарының маңыздылығын атап өту, мүдделерін қорғайтын түрлі салалардағы кәсіподақ қозғалысының белсенділерін марапаттау болып табылады.

Мерекелік іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, “Маңғыстау облысының Кәсіподақ орталығы” АКБ төрағасы Шадрах Ермекбайұлы, салалық, жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік әріптестік шеңберінде облыстың құқық қорғау органдарының басшылары және “Қаражанбасмұнай” АҚ, “Өзенмұнайгаз” АҚ, “Маңғыстаумұнайгаз” АҚ басшылары қатысты.

Іс-шараны өңір басшысы Нұрлан Ноғаев құттықтау сөздерімен ашты.

“Құрметті кәсіподақ қызметкерлері, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері! Сіздерді Қазақстан Республикасының кәсіптік одақтар күнімен құттықтаймын! Қазіргі Қазақстандық кәсіподақ қозғалысының тарихы 1990 жылдың 10 қазанында, Қазақстан кәсіподақтарының XIV съезінде басталды. Айта кету керек, бұл күнді кәсіби мерекелер тізіміне енгізуде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы шешуші рөл атқарды.
Кәсіподақтың негізгі мақсаты қызметкерлердің құқықтарын қорғауға, олардың жұмыс берушімен қарым-қатынасын, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Бүгінде аймақта 126 кәсіподақ жұмыс берушілермен жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы алтын көпір ретінде жұмыс істейді. Кәсіподақтар федерациясымен жылдар бойы біз сындарлы және іскерлік қатынастар орнатып келеміз. Сізге белсенді және жемісті жұмыс, одан әрі табыс, амандық пен өркендеу тілеймін! Әділдік, бірлік және ынтымақтастық қағидаттарына негізделген кәсіподақ дәстүрлері нығая берсін!” – деді Нұрлан Ноғаев.

Іс-шара барысында кәсіподақ мүшелеріне облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан Еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарды қорғаудағы белсенді қызметі үшін, сондай-ақ әлеуметтік әріптестікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс хаттар табысталды.

“Маңғыстау облысының Кәсіподақ орталығы” АКБ төрағасы Шадрах Ермекбайұлы барлық жиналғандарды құттықтап марапаттау рәсімін жалғастырды. Ол кәсіподақ ардагерлерін ақшалай сыйлықтар мен гүлдермен құттықтады. Бұдан әрі Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының медальдарымен, Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен, кәсіподақ алдындағы ерекше еңбегі, жемісті көп жылдық жұмысы және кәсіподақ қозғалысының қалыптасуына, нығаюына және дамуына қосқан елеулі үлесі үшін марапаттау рәсімі өтті.

“Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін” медалі “МұнайФилдСервис” ЖШС қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы” ҚБ төрағасының орынбасары Ахмет Сүйірхановқа табысталды.
Маңғыстау облысы бойынша “SENIM” Денсаулық сақтау жүйесі кәсіподағы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Езбергенов жиналғандарды мерекемен құттықтап, денсаулық сақтау саласындағы бірнеше кәсіподақ белсенділерін төс белгілермен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапаттады. Бұдан әрі мұнай-газ саласының белсенділері өз наградаларын алды.

Маңғыстау облысында 45 салалық кәсіподақтың филиалдары ұсынылған, 695 бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді, кәсіподақ мүшелерінің саны 100 мыңнан астам адамды құрайды.

Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының кәсіподақ ұйымдарында жаңа жүйе қалыптасты. Облыстық кәсіподақ орталығы Еңбек адамының мүддесін білдіретін ұйымға айналды.