Орал қаласында білім беру қызметкерлерінің Ұстаздар күніне орай мерекелік жиын өтті. Салтанатты шарада «Орал қаласының құрметті педагогі» атағының иегері анықталып, үздік ұстаздар марапатталды.
Халықаралық ұстаздар күніне орайластырылып, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығымен тұспа-тұс келген мерекелік жиын ағартушыға арналған қойылыммен бастау алды.
Қала әкімі Миржан Сатқанов педагогтар мен сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетуге бағытталған шаралар, жергілікті атқарушы орган тарапынан ынталандыру жұмыстары жалғасын табатынын айтты.
Шарада БҚО Орал қалалық кәсіподақ комитеті – Филиалының төрағасы Тулеген Темешев құттықтау сөз алып, бір топ ұстаздарды білім беру жүйесінде ұзақ жылдар бойы адал еңбегі мен ұстаздық міндетін абыроймен атқарып, сапалы білім берудегі жетістіктері және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқаны үшін Салалық кәсіподақтың Орталық комитетінің «Құрмет грамотасымен» марапаттап, сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті.
Аталған шаралар ұстаздарды үлкен жетістіктерге жетелеп, алда жемісті еңбек етуге ынталандырады.