Қазақстан Кәсіподақтары күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 22 мамырдағы № 303 қаулысымен 10 қазан Қазақстан Кәсіподақтары күні болып бекітілді. Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығында 100-ден астам адамның, оның ішінде, кәсіподақ қозғалысының ардагерлерінің, еңбек ұжымдарының, әлеуметтік серіктестердің өкілдерінің, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларының қатысуымен Қазақстан Кәсіподақтар күні мен Халықаралық еңбек ұйымы жариялаған Дүниежүзілік лайықты еңбек ету күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.


Кездесуге Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев, Қарағанды облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының директоры Саттар Әбдіғұлов, Қарағанды облыстық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның үйлестірушісі Мадина Альбазарова қатысты.

Мұхтар Тінікеев барлық кәсіптердегі қызметкерлердің әл-ауқатын жақсарту мәселелерін шешуде кәсіподақтардың жоғары рөлін атап өтті.

«Кәсіподақтар федерациясы өз қатарында 17 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдарының атынан 2 миллионға жуық қызметкерді біріктіретін ең бұқаралық қоғамдық ұйым бола отырып, қызметкерлердің мүдделерін білдіру және олардың заңды құқықтарын қорғау арқылы әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын алға тартады, Әділ Қазақстанның құрылуына өз үлесін қосады. Кәсіподақтар федерациясы Республикалық үшжақты комиссия деңгейінде қызметкерлердің жыл сайынғы жалақысын индекстеу, ең төменгі жалақы деңгейін арттыру, Еңбек адамының әл-ауқатын арттыру, жарақаттануды азайту және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелерін көтереді.

Еліміздің кәсіподақ ұйымдарының пәрменді қатысуымен 153934 ұжымдық шарт жасалды, оның ішінде 1859 ұжымдық шартта жыл сайынғы жалақыны индекстеу белгіленді.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының халықаралық ынтымақтастығы жүйелі түрде дамып келеді. Сатыбалды Дәулеталин – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы бірауыздан Орталық Азия елдері кәсіподақтар кеңесі мүшелерінің шешімімен осы ұйымның Бас хатшысы болып сайланды.

Кәсіподақтың бастауыш ұйымдарына қолдау көрсету және еңбек ұжымдарымен тікелей кері байланыс жүйесін құру үшін Кәсіподақтар федерациясында «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» атты республикалық акция бастау алды. Ол федерация басшылығына, Парламент депутаттарына, мемлекеттік органдардың өкілдеріне және жұмыс берушілерге мәселелерді тікелей талқылауға қоюға мүмкіндік берді. Биылғы жылы акция аясында 60 бастауыш ұйымға бару ұйымдастырылды, кәсіподақ мүшелері шешуді талап ететін 400-ден астам мәселені көтерді.

Сондай-ақ, еңбек және өзге де дауларды шешу бойынша Заң клиникасы мен Татуластыру орталығы жұмыс істейді. Барлығы 18276 кеңес беру кездесулері өткізілді.

Ағымдағы жылдың 10 қазанында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырған «Бірлік. Әділдік. Даму» атты Кәсіподақтар федерациясының ынтымақтастық форумы өтеді, оның жұмысына барлық салалық кезеңдердің жеңімпаздары қатысады, ал бүгін біз Қарағанды өңірі кәсіподақтарының барлық мүшелерін кәсіби мерекемен құттықтаймыз», – деді Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Салтанатты іс-шара шақырылған қонақтар үшін мерекелік қойылыммен аяқталды.