Еңбек әділ бағалануы қажет

Жыл сайын Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен әлемдегі барлық кәсіподақтар 7 қазан – Дүниежүзілік лайықты еңбек үшін әрекет күнін атап өтеді. Бұл күннің басты міндеті – әлемдегі барлық кәсіподақтарды лайықты еңбекті қорғау үшін бір күнде жұмылдыру. Ағымдағы жылы елімізде бұл күн «Әділ еңбекақы» ұранымен өткізілуде. Осы ретте аталған іс-шараны қолдау мақсатында Түркістан облысы шаруашылық жүргізу құқығындағы «Оңтүстік жолдары» жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бастауыш кәсіподақ ұйымында семинар-тренинг өтті.

Іс-шараға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Ерлан Жандарбеков, «Оңтүстік жолдары» жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының МКК-ның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Тасболат Садибеков және кәсіподақ активі қатысты.

Семинарда өз кезегінде сөз алған Айдар Бахтыбаев лайықты еңбек пен лайықты жалақы үшін әлеуметтік әріптестікті дамытудың маңыздылығына тоқталып, оның ішінде жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында жасалатын ұжымдық шарт мәселесіне кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ ең ірі қоғамдық бірлестіктердің бірі кәсіподақтардың алға қойған мақсаттары мен міндеттерін тілге тиек етіп, жұмыскерлердің мүдделерін білдіру және олардың заңды құқықтарын қорғау, жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту мен қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау бағытында атқарылатын алдағы жоспарлары туралы айтып өтті.

Жиын соңында кәсіподақ мүшелері өздерінің көкейіндегі сауалдарына тұшымды жауаптарын алып, аталмыш шаралардың жиі болуына тілек білдіріп тарқасты.