ҚРКФ «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» оқу курсы аясында салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының, мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының, атом өнеркәсібі қызметкерлерінің және орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының кәсіподақ көшбасшыларына арналған кезекті семинар «Медиация – тараптар арасындағы даулар мен жанжалдарды шешу құралы» тақырыбында өтті.
Семинар жұмысын ашқан ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев барлық қатысушыларды Қазақстан Кәсіподақтары күнімен құттықтап, 10 күні елордада өткен «Бірлік. Әділеттілік. Даму» ҚР Кәсіподақтар федерациясының Ынтымақтастық форумы туралы айтып өтті.
«Біздің ең басты миссиясыз – Еңбек адамының құқығы мен заңды мүддесін қорғау, әлеуметтік әділеттілікті сақтау. Осы орайда ҚРКФ қазіргі қызметі осының дәлелі деуге болады. Негізі, бүгінде экономиканың барлық салаларында туындап отырған мәселелер ортақ екеніне көзіміз жетті. Әр жұмыскердің лайықты еңбек жағдайларына құқығы – ең басты мәселе болмақ», – дей келе Нұрлан Өтешев семинар қатысушылары – кәсіподақ көшбасшыларының елеулі еңбегін атап өтті.
Семинар аясында ҚРКФ Заң клиникасы Қарағанды филиалының жетекшісі, заңгер, жаттықтырушы-медиатор Света Шардарбекова медиация аясындағы мәселелерді мәлімдеді. Спикер өзекті мәселелердің бірі – елімізде медиация институтын қолданысқа енгізу жайтына жан-жақты тоқталды.
Айта кетерлігі, «Медиация туралы» ҚР Заңы 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданып, 5 тамыз күні қолданысқа енгізілді. Света Шардарбекова атап өткендей, медиация – бұл азаматтық, еңбек, отбасылық, корпоративтік құқықтық қатынастардан, оның ішінде кәсіпкерлік және өзге де экономикалық қызметті жүзеге асыруға байланысты туындайтын әртүрлі дауларды, сондай-ақ ауырлығы шағын және орта деңгейдегі қылмыстық құқық бұзушылықтарды реттейтін құқықтық институт.
«Еліміздің әр қаласында медиаторлардың ұйымдары, азаматтарға сотқа немесе құқықтық қорғау органдарына жүгінбестен дау-дамайларды шешуге жәрдемдесетін ұйымдар жұмыс жасауда. Медиация жанжалды шешудің жай ғана әдісі емес, бейнелеп айтқанда, ол әрбір адамның өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Сонымен қатар, медиация терапия да, кеңес беру де емес. Медиация төреліктен процессуалдық жағынан да, оның мақсаттарымен де ерекшеленеді», – деп атап өтті ҚРКФ Заң клиникасы Қарағанды филиалының жетекшісі.
Сонымен қатар, спикер медиация бірінші кезекте келісімге келуге бағытталатындығына тоқталды.
«Дауласушы тараптар «дұрыс жақ» пен «кінәліні» іздеуді тоқтатады және медиатордың көмегімен жанжалды шешудің әртүрлі нұсқаларын талқылайды. Және де олардың арасынан екеуі де ең жақсы деп санайтынын бірге таңдайды. Медиация тікелей заңдарға, прецеденттерге және ережелерге емес, әрбір тарап әділдік деп түсінетін қағидатқа көбірек көңіл бөледі», – деді Света Шардарбекова.
Іс-шара барысында «Медиация – тараптар арасындағы даулар мен жанжалдарды шешу құралы» семинарына қатысушылар аталмыш ұғымның қыр-сырымен танысып, дауларды сотқа дейін шешу тетіктерін қарастырды. Сондай-ақ, өз сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Жобаның авторы және үйлестірушісі, ҚРКФ Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова семинарды қорытындылай отырып, келесі семинар тақырыбын мәлімдеді.
Айта кету керек, Кәсіподақ көшбасшысы мектебі Кәсіподақтар федерациясының жаңа оқу жобасы болып табылады. Жобаға қатысушыларды іріктеу олардың соңғы 2019-2022 жылдарға кәсіподақ ұйымдарының басшылары болып сайлануын ескере отырып жүзеге асырылады. Курс соңында түлектерге оқуды аяқтағаны туралы сертификаттар табыс етілді.