Аналарға кәсіподақтар күніне орай ерекше сый тарту етілді

Кәсіподақтар күніне орай Жаңақорған шипажайында жұмыс істейтін көпбалалы және жалғызілікті аналарға ерекше сый тарту етілді.

Бұл сый әлеуметтік әріптестер – шипажай басшылығы мен кәсіподақ ұйымы арасында жасалған Ұжымдық шартқа сәйкес беріледі. 2019 жылы республикалық “Парыз” конкурсының “Үздік ұжымдық шарт” номинациясы жеңімпазы атанған «Жаңақорған шипажайы» ұжымындағы келісімде Кәсіподақтар күні мерекесіне орай көп балалы және жалғызілікті аналарға екі айлық орташа жалақы көлемінде сыйақы беру қарастырылған. Ұжымдық шартқа сәйкес сыйақы биыл шипажайдың 32 жұмыскеріне берілді. Айта кету керек, әлеуметтік әріптестіктің үздік үлгісін көрсетіп жүрген Жаңақорған шипажайы Кәсіподақтар Федерациясының ағымдағы жылғы мерекелік Форумында «Үздік шипажай» байқауының 2 орын иегері атанды.

Мерекеге орай ұжымда өткен салтанатты жиында шипажай директоры Бақытжан Абдуллаев кәсіподақ мүшелерін мерекемен құттықтап, кәсіподақ жүйесіндегі белсенділіктері үшін бірқатар кәсіподақ белсенділеріне Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының, «Yntymaq» салалық кәсіподағының марапаттарын табыстады.