Шымкентте теміржол саласының үздіктері марапатталды

Еліміздің үшінші мегаполисінде ҚР Кәсіподақтар күні мерекесіне орай және «Қазақстан салалық теміржол, автокөлік, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігіне 30 жыл толу мерекесіне байланысты кәсіподақ қозғалысының белсенділері мен бірқатар сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Салтанатты жиынға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Жарқынбек Құрманбек, «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС-гі Түркістан филиалының директоры Бахтияр Амалдыков, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Дүйсебеков пен кәсіподақ мүшелері қатысты.

Салтанатты жиында сөз алған «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Жарқынбек Құрманбек қызығы мен қиындығы қатар жүретін теміржол саласының қызметкерлері мен сала ардагерлерін құттықтап, кәсіподақтың белсенді мүшелерін марапаттады.

Игі бастамалардың ұйтқысы болып, әлеуметтік қатынастарды қалыптастыруға, тиімді әріптестік орнатуда кәсіподақ ұйымының қоғамдық жұмысына белсене қатысып елеулі үлес көрсеткені үшін мекеменің күзетшiсі Әділхан Құлмаханбетов, бірінші санатты маман Гүлдана Сарымсақова, қаржы және есеп бөлiмiнің бастығы Гүлбану Тағаева, кызмет бөлiмiнің бастығы Нұрдаулет Абдураимов «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Марапаттау рәсімінде ұзақ жылдар бойы теміржол саласындағы адал еңбегі мен кәсіподақ қозғалысының нығаюына қосқан үлесі бар алғы шепте жүрген өз ісінің шеберлеріне 4 төсбелгі табысталды. Бұл құрмет пен қошеметке күзетшілер Малик Абдалиев, Махмут Акимов, Бакытжан Алипбаев, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Дуйсебеков ие болды.

Қуаныш иелері осынау мерейлі сәтте кәсіподақ тарапынан өздеріне көрсетілген қолдауы үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.