Қызылорда қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығының ашылғанына 30 жыл толуына орай «Мейірімділік мекені» атты шара өтті.
Шараға аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев, «Қызмет» салалық кәсіподағының облыстық филиалы төрайымы Сәуле Тұрсынбаева қатысып, орталықтың еңбек ұжымына әлеуметтік саладағы елеулі еңбектері үшін алғыстарын білдірді.
Орталық 1992 жылы Қызылорда қаласында ашылып, 2012 жылы қалаға қарасты Талсуат ауылдық округіндегі заманауи талапқа сай жабдықталған жаңа ғимаратқа көшірілген болатын. Орталықта қызмет алушы балалардың жеке қажеттіліктеріне қарай олардың тұрмыстағы тыныс-тіршілігін қолдауға, денсаулығын жақсартуға, психологиялық жай-күйін түзеуге, физиологиялық мүмкіндіктері мен ақыл-ой қабілетін ескере отырып, білім алуына бағытталған қызмет түрлері көрсетіледі.
Ұжымда барлығы 205 жұмыскер бар, барлығы да кәсіподақ мүшелері.
Орталықтың қызмет етуіне отыз жыл толуына орай ұйымдастырылған шарада бірқатар қызметкерлеріне Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен «Қызмет» салалық кәсіподағының облыстық ұйымы марапаттары табысталды.