Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 22 мамырдағы № 303 қаулысымен «10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні» болып бекітілгені баршамызға аян. Мереке қарсаңында, яғни 1-10 қазан аралығында бастауыш кәсіподақ ұйымдарында кәсіподақ қызметін дәріптеп, түрлі спорттық, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысып, өз қызметін адал атқарған кәсіподақ мүшелеріне құрмет көрсетілді.
Атап айтқанда, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің Салалық кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің Шардара аудандық филиалының төрайымы Бақтыгүл Биманова “Кеудесі кеніш қария — жазулы тұрған хатпен тең” дегендей жастық жалынын, ерік-жігерін өңірдің дамуы мен гүлденуіне арнаған, Шардара ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқан, кәсіподақтың ұзақ жылдардағы белсенді мүшелері, еңбек ардагерлері, түрлі саланың мықты маманы болған, бүгінде бейнетiнiң зейнетін көріп отырған Қыстау Ілесов, Бәкір Қалмырза, Патима Алтынбекті мерекемен құттықтап, сый-сияпат жасады.
Аталған азаматтар тек еңбекте ғана үздік емес, отбасында да перзенттеріне тәлімді тәрбие беріп, көпке үлгі болған отағасы мен отанасы. Бірі — мемлекеттік қызметті жылдар бойы мінсіз атқарса, бірі — бала жанының бағбаны болып, болашақты тәрбиелеген ұлағатты ұстаз.
Қай қоғамда да, қай заманда да еңбек адамының еңбегі елеусіз қалған емес. Олардың ел үшін еткен еңбегі мен маңдайдан сорғалаған ащы тері қандай құрмет пен сыйға болса да лайық. Ыстық ықыласқа бөленген жандардың жүріп өткен сара жолы әрқашан кейінгі жас буынға үлгі-өнеге бола бермек.
Марапат иелері де өздерін ұмытпай еңбектерін елеген Бақтыгүл Құрмантайқызына алғыстарын білдіріп, алдағы қызметіне табыс тіледі.
Сонымен қатар мереке қарсаңында мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында волейболдан жарыс өтіп, жеңімпаздар анықталды.