Қызылордада мұнайшылар арасында Кәсіподақтар күні және 25 қазан-Республика күніне арналған шағын футболдан турнир өтті. «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы, «ҚуатАмлонМұнай» біріккен кәсіпорыны мен «СНПС-АйДанМұнай» акционерлік қоғамы компанияларының кәсіподақ ұйымдары ұйымдастыруымен өткен спорттық жарысқа 5 команда қатысты. Оған аталған компанияның спортшы командаларымен қатар «ТұзкөлМұнайГазОперейтинг» серіктестігі мен Шымкент қаласынан келген «Петро Қазақстан Ойл Продактс» серіктестігінің спорт команадалары қатысып, шағын футболда шеберліктерімен сынасты.
«Турнирдің ұйымдастырылу мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің арасындағы футбол әуесқойларының бос уақытын тиімді өткізу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, мұнайшылар арасында спорттық және достық байланыстарды нығайту. Турнир ережесін спорт мамандары қатысуымен осы үш компанияның кәсіподақ белсенділері бірлесіп қалыптастырдық. Жеңімпаз команда алатын кубок ауыспалы болады, бүгінгі ойынға қатысқан командалар турнирді жыл сайын өткізуді үрдіске айналдырамыз деп шештік» деді «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы жұмыскерлерінің кәсіподақ ұйымы төрағасы Бақытжан Мұқашева.
«Петро Қазақстан» спорткешенінде күні бойына созылған ойындар командалар арасында тартысты өтіп, күн аяғында жеңімпаздар анықталды.
Турнирдің жабылу салтанатында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев, «Yntymaq» кәсіпкерлік жұмыскерлері салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Марат Бәйімбетов, мұнай компанияларының басшылығы өкілдері, кәсіподақ ұйымдары төрағалары спортшыларды құттықтап, жүлделер табыстады.
Ойын нәтижелерімен Үздіктер анықталып, номинация иегерлері таныстырылды. Командалар бойынша жүлделі 1-ші орынды «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» қоғамы командасы, 2-ші орынды «Петро Қазақстан Ойл Продактс» серіктестігінің командасы және 3-ші орынды «ҚуатАмлонМұнай» біріккен кәсіпорыны серіктестігінің ойын командасы иеленді. Жеңімпаз командаға турнирдің ауыспалы Кубогы мен барлық жеңімпаздар мен қатысушы командаларға турнир ұйымдастырушыларының жүлделер қорынан бағалы сыйлықтар мен Дипломдар берілді. Сонымен қатар мұнай компанияларының бірқатар кәсіподақ белсенділеріне Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің, «Yntymaq» кәсіпкерлік жұмыскерлері салалық кәсіподағы облыстық филиалының Грамоталары тапсырылды.