Елордада еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесі қаралды

Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның кезекті отырысында елорда кәсіпорындарындағы өндірістік жарақат, мұнаралы крандарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау және құрылыс орындарында тас қалаушылардың еңбек құқығын сақтау мәселелері қаралды.

Мемлекеттік еңбек инспекторы Ерлан Исмағұловтың айтуынша, жыл басынан бері жазатайым оқиғалардан 45 жұмыскер зардап шегіп, оның 12-сі қайтыс болған және 33-і ауыр жарақат алыпты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бірдей болып отыр.

Жазатайым оқиғалардың 75% құрылыс алаңдарында орын алуда. Оған құрылыс алаңдары аумағында жұмыс өндірісінің жоғары қарқыны және соның салдарынан кәсіптік тәуекелдердің алдын алу жүйесінің болмауы себеп болып отыр. Көп жағдайда бас мердігер құрылыс жұмыстарын орындау үшін әртүрлі жұмыс түрлеріне (монолит, кірпіш, әрлеу жұмыстары және т.б.) мердігерлік шарттар жасай отырып, шағын құрылыс ұйымдарын тартады. Осылайша, бас мердігер жазатайым оқиғалар туындаған кезде жауапкершіліктен құтылып, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешуден жалтарады.Оның орнына, қосалқы мердігерді қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғаудың сақталуына барлық бақылауды өз бетінше жүзеге асыруға міндеттейді.

Айта кету керек, Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының өкілдері мемлекеттік еңбек инспекторларымен бірлесіп елордадағы кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесіп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ағымдағы жылы 3 900-ден астам қызметкерді қамтумен 135 шығу жүзеге асырылды.

Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейінгі кезеңде мұнара крандарын пайдалану кезінде қауіпсіздік техникасы нормаларын сақтау жөніндегі құрылған жұмыс тобы шеңберінде Астананың құрылыс объектілерінде 142 мұнара краны зерттелді.

Тексеру нәтижесінде құрылыс ұйымдары 109 мұнара крандарын пайдалану кезінде бұзушылықтарға жол бергені анықталды. Көрсетілген мұнара крандарындағы жұмыс анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін тоқтатылды.

Төрағалық еткен Астана қаласы әкімінің орынбасары Н.Нұркенов құрылыс компанияларының басшыларына өндірістік жарақаттануды азайту мақсатында бас мердігерлерге тартылатын қосалқы мердігерлік ұйымдарда да еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін жеке бақылауға алуды, айыппұл салу құқығын бере отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметтерінің өкілеттіктерін күшейтуді тапсырды және бұзушылықтар толық жойылғанға дейін құрылыс-монтаж жұмыстарының тоқтатылатынын жеткізді.

Тас қалаушылардың еңбек құқығын сақтау мәселесі бойынша комиссия мүшелері бірқатар құрылыс компанияларында мониторинг жүргізетін болады.