Әр саланың негізгі себепшісі – адам. Елдің ақуалын, тұрмыс, еңбек, денсаулық, саяси өмірін зерттейтін сала – әлеуметтік сала.
Қазан айының соңғы жексенбісі Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің күніне орай Түркістан қаласында салтанатты жиын өтті. Аталған шараға әлеуметтік сала ардагерлері, қызметкерлері, Бақытжан Жұмағұлов бастаған бірқатар Қазақстан Республикасының сенат депутаттары, кәсіподақ ұйымдары атынан «Қызмет» салалық кәсіподағының Түркістан облыстық филиалының төрайымы Күлдар Есебаева қатысып, әлеуметтік сала қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтады.
Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің күні мерекесі — қарттар мен мүгедектерге, көпбалалы және күнкөрісі төмен отбасыларға аянбай қызмет етіп жүрген жандарға деген зор құрметтің белгісі. Олар кәсіби маман ғана емес, өзгенің мұң-мұқтажына бейжай қарамайтын мейірбан жандар. Әлеуметтік қызметкер болу үшін ең бастысы мейірімділік пен шыдамдылық керек.
Әр адамның көңілін тауып, тіл табысып үлкен жүректілікті талап етіледі. Түркістан облысы бойынша осы салада еңбек етіп жүрген 3000 жуық әлеуметтік қызметкер бар. Өз кезегінде әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, «Қызмет» салалық кәсіподағының Түркістан облыстық филиалының төрайымы Күлдар Есебаева өз міндеттерін абыроймен атқарып, әлеуметтік салаға қосқан үлестері үшін бірқатар қызметкерлерге Алғыс хаттар мен ықылас гүлдерін табыс етті.