«Ғалым да, шахтер де бас иетін» ұстаз тәлімін алмаған бірде-бір маман иесі жоқ екені даусыз. «Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялай» жүріп, адал еңбек еткен ұлағатты тұлға Ұстаз-ертеңгі күннің иесі, жас ұрпақтың жанашыры, бой түзер бойтұмары, ой түзер ақылгөйі. Сан мыңдаған шәкірттің санасына білім нәрін құйып, еңбексүйгіштік пен адалдыққа тәрбиелеуде ел алғысына бөленіп жүрген ұстаздар аз емес. Сондай жандардың бірі -Мамбетова Шынар Тұрдымұратқызы.
Математика пәнінің маманы, педагог-зерттеуші Темір ауданындағы Кеңқияқ орта мектебінде 35 жылдан аса еңбек етіп келеді. Түлектерді білім нәрімен сусындатып, түрлі салада еңбек етулеріне өз үлесін қосып келе жатқан өз ісінің асқан шебері, майталман маман. Жас ұрпақтың бойына адалдық пен адамгершілік, отаншылдық пен еңбексүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруда ұстаздың еңбегі ұшан-теңіз.
Шынар Тұрдымұратқызы осы бір қиындығы мен қызығы қатар жүретін математика саласының қыр-сырын шәкірттерге үйретуден жалыққан емес. Ұстаздың бойындағы өз ісіне деген сүйіспеншілікті ізінен ерген шәкірттері жалғастырды. Ұстаздың ізін жалғастырушы қос түлегі- Жолдыбаев Мейрамбек Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің магистранты, Тағыберген Ақерке Қазақ Ұлттық Педагогика университетінің студенті.
Осы салада тынымсыз еңбек еткен жанның атқарған игі істері елеусіз қалмады. Әр жылдарда өз саласының өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі үшін марапатталып отырды.
Шынар Тұрдымұратқызы Қазақстан интернет олимпиадаларының І дәрежелі диплом иегері атанды. «Білім берудегі инновациялар: бағдарлар мен үрдістер» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-әдістемелік онлайн конференциясына қатысып, сертификатқа ие болды. Оқушылары облыстық пәндік олимпиада топ жарып, жүлделі орын алды. Білім беру жүйесіндегі жемісті еңбегі үшін Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мен білім басқармасының Құрмет грамотасына ие болды. «Білім беру үрдісін ақпараттандыру артықшылықтары мен тиімділігі» тақырыбындағы республикалық конференцияға баяндамасын ұсынып, үздік баяндама жасағаны үшін дипломмен марапатталды. «Шығармашыл ұстаз» республикалық ұстаздар сайысының І орын иегері атанды.
Ол сондай-ақ, әртүрлі тақырыптардағы математикалық жинақтар мен электронды әдістемелік құралдардың авторы. «Логикалық тапсырмалар арқылы оқушылардың математика пәніне қызығушылығын арттыру» электронды жинағы, «Алгебра және анализ бастамалары тарауы бойынша тест тапсырмалары» атты жұмыстары жарық көріп, жас ұстаздарға әдістемелік көмек құралына айналды.
Бала тәрбиелеу, білім беру ісімен қоса Шынар Тұрдымұратқызы қоғамдық істерге де белсене араласып, мектеп өміріндегі игілікті жұмыстардың басы-қасынан табыла білетін нағыз еңбек адамы. Еңбек ұжымында ұзақ уақыт бастауыш кәсіподақ төрайымы қоғамдық қызметін қоса атқарып, әріптестерінің әлеуметтік мәселелеріне бей-жай қарамай, педагог мүддесін қорғауға еңбек етті.