Әлеуметтік әріптестік қатынастарын дамыту ұйымдардағы еңбек қатынастарының тұрақтылығы мен ұжым берекесінің кепілін мақсат етеді. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен белгіленген Әлеуметтік әріптестік жылы шеңберінде мәдениет,спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлері кәсіподағы саладағы Үздік әлеуметтік әріптестер, Үздік бастауыш ұйым, Үздік Ұжымдық шарт айдарлары бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Қызылорда облыстық мәдениет,спорт және ақпарат саласы қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Раушан Үмбетова Қызылорда облыстық филармония ұжымын облыс деңгейінде «Үздік бастауыш ұйым» номинациясы жеңімпазы атануларымен құттықтап, мәдениет ордасына арнайы барды.
Әлеуметтік әріптестік пен кәсіподақ ұйымының жемісті бірлігін көрсеткен «Қызылорда облыстық филармониясы» ұйымының ұжымдық шарты бойынша шығармашылық қызметкерлерге жұмыс уақытының 4 сағаты өзіндік шығармашылық ізденісіне пайдалануға беру, жұмыскердің қажеттілігі және жұмыс берушінің келісімімен бала туылғанда, жақындары қайтыс болғанда, ата-аналарға баласы 1- сыныпқа баратын күні 1- қыркүйек және 11- сынып бітірген кезде әлеуметтік демалыс күндерін беру туралы ережелер енгізілген. Сонымен қатар келісім бойынша жыл сайын медициналық тексеруден өту барысында жұмыскер 2 күн, қызметкердің өзі, туған ұлы немесе қызы үйленгенде – 3 күн ақылы демалыс күндерін ала алады.
Ұжыммен кездесуде кәсіподақ төрайымы ұйым басшысына әлеуметтік әріптестікті ілгерілету жолындағы ынтымақтастық жұмыстары үшін алғысын білдіріп, алдағы жаңа келісімдерді жасасу, әріптестікті әрі қарай дамыту бойынша ой-пікірлерімен алмасты. Жұмыскерлердің денсаулығын оңалту мен бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында облыстық кәсіподақ ұйымынан жеңімпаз бастауыш ұйымға велотренажер бағалы сыйлығы сыйға тартылды.