Қызылордада үшжылдық бюджет мәселесі талқыланды

Облыстық мәслихат депутаты, аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаевтың төрағалығымен Қызылорда облыстық мәслихатының кезектен тыс 21 сессиясы алдындағы тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтті.

Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының басшылары және тиісті басқарма басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі 2022-2024 жылдарға арналған үшжылдық облыстық бюджетке енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабайдың хабарламасы тыңдалып, аталған мәселе егжей-тегжейлі талқыланды.

Мәселеге қатысты облыстық мәслихат депутаттары су қоймалары туралы және ішкі істер органдарына қаржы бөлу, Қазалы ауданының көшелеріндегі электр желісін жаңғырту, жарықтандыру, Жаңақорған ауданында инженерлік-инфрақұрылымдық желілер орнату және музей мәселесі, мектептердегі әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларды ыстық тамақпен, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруін қамтамасыз ету, білім саласына байланысты білім беру ұйымдары ғимараттарының шатырларын жөндеуге қаражат қажеттілігі, мектепке дейінгі ұйымдарды қосымша қаржыландыру, мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету және басқа да өзекті мәселелерге қаражат қажеттілігі туралы айтып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Отырыс қорытындысымен күн тәртібіне ұсынылған мәселелер бойынша шешім жобасы сессия қарауына жіберіліп, облыстық мәслихаттың кезектен тыс 21 сессиясында мәселелер жан-жақты талқыланды.