Төраға Сатыбалды Дәулеталин бастаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ресми делегациясы осы күндері Мельбурн қаласында (Австралия) өтіп жатқан Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V конгресінің жұмысына қатысуда.
Бүгін таңертең Жаңа әлеуметтік келісімшарт туралы Декларация жобасын талқылау жалғасты. Түстен кейін қазақстандық делегация ХКК Конгресі аясында өткен «Технологиялар және олардың еңбекке ықпалы» форумына қатысты.
Конгресс барысында ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин шетелдік әріптестер – ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді.
Hak-is Түрік кәсіподақ ұйымының төрағасы Махмуд Арслан Сатыбалды Дәулеталинді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ХКК мүшелігінің қалпына келуімен құттықтады. Тараптар ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін талқылады. Түрік кәсіподақ көшбасшысы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясында болып жатқан демократиялық өзгерістерді қолдайтынын білдірді.
ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің Моңғолия Кәсіподақтар Конфедерациясының төрағасы Эрдэнэбат Сүхбаатарпен кездесуі барысында Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесі (ОАЕКК) аясындағы одан әрі өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Еске салайық, аймақтық кәсіподақ ұйымы – Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан ұлттық кәсіподақ орталықтарының бастамасымен 2021 жылы құрылған болатын. Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Кеңес мүшелерінің ІІ отырысында ұйымға жаңа мүшелерді – Қырғызстан кәсіподақтар федерациясы мен Моңғолия кәсіподақтар конфедерациясын олардың бұрын жіберген өтініштері бойынша енгізу туралы шешім қабылданды. ОАЕКК Бас хатшысы болып ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин сайланды.
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен Албания Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының президенті Гезим Каладжаның келіссөздері барысында кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және байланыстарды нығайту мәселесі де қарастырылды. Албаниялық кәсіподақ көшбасшысы Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінің мүшелерімен өзара іс-қимылды дамытуға жәрдемдесуді сұрады. Сондай-ақ тараптар өзара сапарлар мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы келісті.
Еске салайық, 17-22 қараша аралығында Мельбурн қаласында Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V конгресі өтуде. 300 ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері болып табылатын және дүние жүзінде 200 миллионға жуық жұмыскерді біріктіретін мыңнан астам кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері жаһандық күн тәртібін талқылау және Жаңа әлеуметтік келісімшарт туралы Декларацияны қабылдау үшін жиналды. Конгрестің бірінші күнінде ХКК Бас кеңесі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелігін қалпына келтіру туралы шешім қабылдады.
ҚРКФ медиаорталығы