ХКК V Конгресінің делегаттары Жаңа әлеуметтік келісімшарт туралы Декларация қабылдады

Сейсенбі, 22 қараша күні Мельбурн қаласында Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V конгресінің делегаттары оның қорытындысын шығарып, Жаңа әлеуметтік келісімшарт туралы Декларацияны қабылдады.

«Егер үкіметтер жаңа әлеуметтік келісімшартты шұғыл түрде жүзеге асырмаса, әлем барлық аймақтардағы жұмысшылар үшін ауыр зардаптарға әкелетін тарихи экономикалық құлдырау алдында тұр. Әлемге толық жұмыспен қамту, лайықты еңбек және жалпы өсіп-өркендеуге негізделген жаңа бизнес үлгілері бар жаңа экономикалық модель қажет», – деді Конгресс делегаттары.

ХКК Бас хатшысы лауазымында өз қызметін тәмамдаған Шаран Барроу әлемнің 161 елінен келген үш жүз ұлттық кәсіподақ орталығының басшыларына сөйлеген сөзінде жаһандық пандемия әлем бұрын-соңды болмаған адамзат ынтымақтастығының ең үлкен актісін көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіподақ қозғалысы жұмысшылардың құқықтарын қорғауда бұрынғыдан бетер біріктірілген. Алайда, пандемияның қиын жылдары да «корпоративтік ашкөздіктің» көрсеткішіне айналды, бұл кезде жосықсыз жұмыс берушілер өз артықшылығын пайдаланып, жұмысшылармен келісімшартты бұзып, корпоративтік реттеудің жоқтығын көрсетті. ХКК статистикасына сәйкес, әлемдегі ең ірі он корпорация 2021 жылы шамамен 360 миллиард АҚШ долларын құрайтын жиынтық табыс жариялады.

«Жұмысшылар мен олардың кәсіподақтары үкіметтер, жұмысшылар және бизнес арасында жаңа әлеуметтік келісімшартты талап етуде. Ол тұрақты жұмыс орындарын, тұрақты жалақыны, құқықтарды, теңдікті, инклюзивтілікті және әлеуметтік қорғауды көрсетуі керек. Ұлттық және халықаралық заңнаманы жаңарту арқылы жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту қажет. Кәсіподақтар Халықаралық еңбек ұйымының стандарттары мен еңбек саласын басқарудағы олқылықтарды жоюға арналған жаңа Конвенцияны қабылдауын қолдайды», – деді Шаран Барроу және ұлттық кәсіподақ орталықтарына соңғы бірнеше жылдағы жемісті жұмысы үшін алғысын білдірді.

Конгресс делегаттарына Барбадос Премьер-Министрі Мия Мотли, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі бұрынғы комиссары Мэри Робинсон және АҚШ Еңбек министрі Марти Уолш кәсіподақ қызметін одан әрі дамытуға сәттілік тіледі. Олар ұлттық кәсіподақ орталықтарының басшылары көтерген мәселелердің өзектілігін атап өтті.

Қазақстандық делегацияның басшысы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин де Конгресс жұмысынан алған әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, жаһандық кәсіподақ форумына қатысушылар конгресстің алты күнінде ынтымағы мен бірлігін паш етті.

«Кәсіподақтардың күші – олардың бірлігінде, ынтымағында, әділдігінде. Бағдарламалық құжаттарды талқылауға қатысу, әріптестер мен пікірлестермен араласу, танысу бәрімізге пайдалы болды. Кәсіподақтар федерациясы шетелдік ұлттық кәсіподақ орталықтарымен және Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясымен тығыз ынтымақтастықта әлеуметтік әділеттілік, лайықты еңбек идеясын кеңінен насихаттау, еңбек құқықтары мен мүмкіндіктерінің кез келген кемсітушіліксіз теңдігі, халықаралық кәсіподақ қозғалысын одан әрі нығайту және дамыту үшін күресті жалғастырады», – деп атап көрсетті Сатыбалды Дәулеталин.

Айта кету керек, дәстүрлі түрде ХКК мүше елдердің кәсіподақ көшбасшылары «ең нашар жұмыс берушілер» дәстүрлі рейтингін қалыптастырды. Бұл жолы оның құрамына ірі трансұлттық компаниялардың басшылары кірді. Ең нашар бастықтар: P&O Ferries бас директоры Питер Хебблтуэйт, Amazon бас директоры Джефф Безос, Qantas бас директоры Алан Джойс, Emirates Airline және Group бас директоры Ахмед бин Саид Аль Мактум, Starbucks бас директоры Ховард Шульц, Hancock Prospecting бас директоры Джина Райнхарт.

Еске салайық, 17-22 қараша аралығында Мельбурн қаласында Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V конгресі өтті. 300 ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері болып табылатын және дүние жүзінде 200 миллионға жуық жұмысшыны біріктіретін мыңнан астам кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері жаһандық күн тәртібін талқылау және Жаңа әлеуметтік келісімшарт туралы Декларацияны қабылдау үшін жиналды. Съездің бірінші күнінде ХКК Бас кеңесі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелігін қалпына келтіру туралы шешім қабылдады.

ҚРКФ медиаорталығы