Әлеуметтік қызметкерлердің өзекті мәселелері талқыланды

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Ақтөбе облыстық №1 Әлеуметтік орталық ұжымымен онлайн форматта кездесу өткізді.

Шараға Ақтөбе облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Алтынбек Әмірғалиев, «YNTYMAQ» салалық кәсіподағы төрағасы Төлеген Шаимов, «YNTYMAQ» салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалының төрағасы Сакен Баталов, «Ақтөбе облыстық әлеуметтік орталығы» мекемесінің директоры және ұжымдағы кәсіподақ мүшелері, сондай-ақ басқа да салалық кәсіподақ өкілдері қатысты.

Еңбек ұжымында 216 маман жұмыс атқарады. Барлығы – кәсіподақ мүшелері. 2022-2024 жылдарға арналған ұжымдық шарт еңбеккерлердің мүдделерін қорғайды. Қазіргі таңда ұжымдық шартқа толықтыру енгізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кәсіподақ ұйымының жетекшісі – Бисалиева Гүлсара Абриковна.

Ақтөбе облыстық Әлеуметтік қарттар мен балаларды бағып-күтуге, денсаулықтарын қадағалауға бағытталған қызметтер көрсетеді. Бүгінде орталықта 200 адам тұрады.

Кездесу барысында «YNTYMAQ» салалық кәсіподақ төрағасы Төлеген Шаимов орталық қызметкерлерінің сауалдарына жауап беріп, жалақыны көтеру, жыл сайынғы кезекті еңбек демалысының күндерін арттыру, сосын әлеуметтік қызметкерлерге мемлекеттік бағдарламалар арқылы алғашқы пайызсыз тұрғын үй алуға қолдау көрсету туралы талап-тілектерін тыңдады.

Өз кезегінде ҚР Кәсіподақтар федерциясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Кәсіподақтар федерациясы еңбек адамдарының құқығын қорғау үшін ұсынысты министрлікпен талқылап, шешімін табу үшін Үкіметке жеткізуге дайын екендігін жеткізді.

«Біз Базалық лауазымдық жалақы бойынша еңбекақы мөлшерін белгілеудің орнына орташа жалақымен есептеуді Үкіметке ұсынып отырмыз. Әзірге бұл мәселе нақты шешімін таппай тұр. Президенттің қыркүйектегі Жолдауында кәсіподақтардың әр салада есептеу әдістемесін қайта қарастыру туралы бастамасы өз көрінісін тапты. Бұл – қуантарлық жайт», – деді Нұрлан Өтешев.

ҚРКФ төрағасының орынбасары осындай кездесулер арқылы кәсіподақтың қатардағы мүшелерінің ой-пікіріне құлақ түріп, алаңдататын жайларды біле отырып, еңбек саласындағы мәселелерді жүйеге келтіруге болатын атап өтті.

Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысын, әлеуметтік төлемдерін көбейту жайын мәслихат отырысында қарастыруға ықпал ететінін жеткізді.