Жұма күні, 25 қарашада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ оқу марафонына қатысушылар – еліміздің мұнай-газ кәсіпорындарының кәсіподақ белсенділерімен кездесті.
Әріптестерді қарсы алған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге тоқталды.
«Кәсіподақтар федерациясының мүшелері – 16 мың бастауыш кәсіподақ ұйымына біріктірілген қазақстандық кәсіпорындар мен ұйымдардың екі миллионға жуық еңбеккері. Кәсіподақтар федерациясы сан жағынан да, демократиялық ұстанымдары жағынан да еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым. Біздің басымдықтарымыз лайықты еңбек жағдайларын, лайықты жалақыны және кәсіподақ мүшелерінің мүдделері мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету болды және болып қала береді. Қазір біздің алдымызда кәсіподақ және еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша өзекті міндеттер тұр. Федерация өкілдері ведомствоаралық жұмыс топтарына кіре отырып, мемлекеттік органдармен және парламентпен бірлесе отырып, заңнама нормаларын еңбекшілердің пайдасына жақсарту бойынша бастамалар енгізуде», – деді ҚРКФ төрағасы.
Ол осы мақсатқа жетуде келіссөздер үдерісі маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Әлеуметтік әріптестік институтының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Кәсіподақтар федерациясы барлық деңгейлерде: кәсіпорындарда – еңбеккер мен жұмыс беруші арасында, аймақтық деңгейде – әкімдіктер, кәсіподақ орталықтары және жұмыс берушілер бірлестіктері арасында, республикалық деңгейде – Кәсіподақтар федерациясы, Үкімет және жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасында келіссөздер үдерісіне басымдық береді.
«Кәсіподақтардың екі тиімді құралы бар – әлеуметтік әріптестік және ереуіл. Біз барлық мәселелерді әлеуметтік әріптестік қарым-қатынастары аясында келіссөз үстелінде шешу керек деген ойдамыз. Жұмыс берушілер екінші құрал – ереуілдерді қолдану көбінесе жұмыс берушіге де, еңбеккерлерге де, жалпы кәсіпорынға да пайда әкелмейтінін түсінуі керек. Сондықтан біздің кәсіподақтар келіссөздер процесіне басымдық береді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ төрағасының айтуынша, бүгінгі күрделі геосаяси шындық жағдайында, ел ішінде болып жатқан қоғамдық-саяси және экономикалық өзгерістерде Еңбек адамының басты қорғаушысы ретінде кәсіподақтардың рөлі тек қана артып келеді.
«Халықтық коалицияның құрамында Федерацияның президенттік сайлау науқанында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауы кездейсоқ емес. Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру туралы бастамасы ҚРКФ мүшелері алға қойған мақсаттарға сәйкес келеді. Кәсіподақтардың мақсаты – әрбір еңбек адамына әділетті еңбек қатынасы», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Ол, сондай-ақ, ҚРКФ ресми делегациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) V конгресінің жұмысына қатысу нәтижелерімен бөлісті.
«Төрт жылдан кейін Кәсіподақтар федерациясының дүниежүзілік кәсіподақ құрылымына – ХКК мүшелігі қалпына келтірілді. Бұған Федерацияның өзіндегі және жалпы еліміздегі демократиялық өзгерістер да ықпал етті», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Екі күндік семинар тақырыбына қайта оралған Кәсіподақтар федерациясының басшысы кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділерінің құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
«Кәсіподақ белсенділері мен көшбасшылары заңнамалар бойынша білімдерін арттыра отырып, кәсіби шеберліктерін шыңдай отырып, қазақстандық, оның ішінде мұнай-газ саласының қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайларын жасауға күн сайын өз үлесін қосуда. Заман талабына сай болу үшін кәсіподақ мүшелері үнемі біліктілігін арттыруы қажет. Ол үшін Кәсіподақтар федерациясы барлық қажетті жағдайды жасап отыр. Оқу процесінде алған дағдыларыңыз кәсіпорын еңбеккерлерінің мүдделері мен құқықтарын қорғау жолындағы күнделікті тынымсыз еңбектеріңізге жақсы көмек болатынына сенімдімін», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сұлтан Қалиев мұнай-газ саласы кәсіподақтарының мүшелері Кәсіподақтар федерациясының бастамаларын қолдайтынына және оларды жергілікті жерлерде жүзеге асыруға белсене қатысатындығына сендірді.
Еске салайық, екі күн бойы семинарға қатысушылар – «QazaqGaz» ҰК АҚ, «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ еңбек ұжымдарының мұнай-газ кәсіподақтарының өкілдері өз білімдері мен дағдыларын толықтырды. Семинардың лекторлары мен қатысушылары еңбек және кәсіподақ заңнамасын қолдану тәжірибесі бойынша нақты жағдайларды талқылады, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылдың, келіссөздер жүргізудің және ұжымдық шарттарға қол қоюдың ерекшеліктерін талдады, еңбек даулары мен жанжалдардың алдын алу және шешу, қауіпсіздік және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету шараларын қарастырды.
Кездесу соңында ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ қозғалысын дамытуға сіңірген еңбегі үшін кәсіподақ көшбасшыларына Кәсіподақтар федерациясының медальдарын табыс етті. Марапатталғандар қатарында: «Қазақстандық мұнай-газ кешені салалық кәсіподағы» ҚБ Ұйымдастыру-құқықтық жұмыс департаментінің директоры Дәулет Абдусаттаров, «Теңізшевройл» ЖШС дирекциясының атқарушы кеңесшісі Руслан Қуатов, «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС жергілікті жұмысшылар кәсіподағының төрағасы Сағымжай Құдайбергенов. Семинарға қатысушылардың барлығына оқу сертификаттары табыс етілді.
ҚРКФ медиаорталығы