Үшжақты комиссия еңбек қатынастары мәселелерін талқылады

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров міндетті әлеуметтік төлемдер, еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне тіркеу және білім беру саласында ұстаздарға жәрдемақы төлеу мәселесіне тоқталды.


Комиссия отырысының күн тәртібіне енгізілген осы мәселелер бойынша біраз кемшіліктердің орын алып отырғаны белгілі болды. Айталық, бүгінгі таңда тиісті министрліктің мәліметіне сәйкес, Атырау қаласында 455 мекеме, 29 мыңға жуық еңбек шарты, Жылыойда –25 мекеме, 3869 еңбек шарты, Индерде 18 мекемеде 213, Исатайда – 17 мекемеде 276, Құрманғазы ауданындағы 11 мекемеде 478, Махамбеттегі 12 мекеме бойынша 358 еңбек шарты бірыңғай жүйеге тіркелмеген болып шықты. Жалпы облыс бойынша еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізу деңгейі 82,4% құрайды. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 85% жеткізу көзделген.

Отырыста «Теңізшевройл» ЖШС-нің мердігер компанияларынан қызметкерлердің босатылуы және оларды жұмысқа орналастыру туралы ТШО-ның күрделі жобалар директорының орынбасары Ербол Жұмағазиев хабарлама жасады. Энергетика саласындағы еңбек заңнамасында, келісімдер мен ұжымдық шарттарда белгіленген талаптардың сақталуы туралы хабарлама жасаған Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы Еділ Ұзақбайдың айтуынша, былтыр «Атырау Жарық» АҚ өндірісте 9 жазатайым оқиға орын алған. Нәтижесінде 10 адам зардап шегіп, оның ішінде екі адам қаза тапты. Өндірісте жарақат алу себебі, басшылық тарапына тиісті бақылаудың жоқтығынан, зардап шеккендердің ережелерды сақтамауынан, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша лауазымдық нұсқаулықтардың орындалмауынан болып отыр.

Комиссия отырысында Индер ауданының әкімі Дарын Шамұратов аудандағы үшжақты комиссияның биылғы жұмысынан есеп берді.

Күн тәртібіне ұсынылған мәселелерді қорытындылаған облыс әкімі Серік Шәпкенов болашақта үшжақты комиссияның жұмысын жандандыру, даулы мәселелердің туындау себебіне талдау жүргізу, жаңа жұмыс орын ашуға баса назар аударды, білім беру саласында ұстаздарға жәрдемақы төлеу мәселесін шешуді тиісті мемлекеттік орган басшыларына тапсырды. Ал, «Атырау Жарық» АҚ орын алған олқылықтар туралы мәселе әкімдікте арнайы талқыланбақшы.