1981 жылдан бастап әлем елдерінің белсенді әйелдері 25 қарашада зорлық-зомбылыққа қарсы күнді атап өте бастаған. Ал БҰҰ Бас Ассамблеясы 1999 жылғы 17 желтоқсанда 25 қарашаны әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің халықаралық күні деп жариялады. Осы ретте жыл сайын ел аумағында «Әйелдерге қарсы зорлық пен зомбылықсыз 16 күн» деп аталатын акция ұйымдастыру дәстүрі қалыптасқан. Қоғамдағы отбасының рөлін нығайтып, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуды мақсат еткен кең көлемді республикалық акцияға Ұлытау облысының білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы мен оның қалалық/аудандық кәсіподақ ұйымдары асқан белсенділікпен қатысуда.
Балқаш қалалық филиалының төрағасы Асем Айтжанованың бастамасымен бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының қостауымен келелі кездесулер өтті.
Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген әйелдер қауымының құқығы мен мүддесін қорғаумен бірге қоғамдағы зорлық-зомбылықты жоюды мақсат еткен кәсіподақ белсенділері алдағы күні де бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра бермек.