Республика көлемінде жарияланған 25 қараша – 10 желтоқсан аралығындағы «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы аясында «Ұлттық тәрбие – зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында семинар өтті. Бүгінде қоғамда өзекті болып отырған мәселе жөніндегі мағыналы іс-шараның өтуіне Созақ ауданы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі мен «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Созақ аудандық комитеті ұйытқы болды.
Семинарға мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп психологтары мен мұғалімдері, спорт жаттықтырушылары, ата-аналар мен жастар өкілдері қатысты.
Аталған семинардың өткізілуіне Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Созақ ауданының құрметті азаматы, ақын, жазушы Мыңжасар Асқаровтың мазмұнды лекциясы тұздық болды. Мыңжасар Асқарұлы өз лекциясында қазақ халқының төлтума мәдениеті мен әдебиетіндегі, салт-дәстүріндегі ұлттық тәрбие мәселесін қозғады. Бүгінді жаһандану және цифрлық технологиялар революциясы заманының ұтымды тұстарын пайдалана отырып, ұрпақ тәрбиесінде ұлттық колоритті сақтап қалудың маңыздылығын түсіндірді. Саналы ұрпақ қалыптастыруда отбасында берілетін тәрбие маңызды роль атқаратын болса, білім беру ұйымдары сол тәрбиені қуаттайтын, нығайтатын институт екенін айтты.
Сонымен қатар семинарға арнайы келген Созақ ауданының Полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы, полиция майоры Айжан Манапова бүгінгі таңдағы осы саладағы өзекті проблемаларды, зорлық-зомбылықтың себептері мен салдарларын атап өтті. Зорлық-зомбылықтың алдын алуда, түп тамырымен жоюға қоғам болып жұмыла атсалысуға шақырды.
Өз кезегінде Созақ ауданы Полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы, полиция аға лейтенанты Арна Бейсенбі сөз алып, «Қазіргі кезде саналы ұрпақ тәрбиесі – болашағымыз үшін ең асыл мұра, ең қымбат құндылық. Дұрыс ұйымдастырылған тәрбиенің қуатына тең келетін басқа пәрменді құралды да, рухани күшті де табу өте қиын. Сан ғасырлар сынынан өткен ұлттық тәрбие қағидаларын әлемдік озық тәрбие тәжірибелерімен ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті саналы ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың басты міндетіміз» деді.
Семинар соңы өзара пікір алмасуға ұласып, «жас ұрпақты әдепті де саналы, арлы да абыройлы етіп тәрбиелеу үшін ұлттық дәстүрімізді, төлтума мәдениетімізді, ата-баба мұрасын олардың саналарына сіңіруге қоғам болып бар күшімізді салуымыз қажет» деп түйінделді.