Қызылорда қаласының №6 емханасында Адам құқығы күніне дейін жалғасқан «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы шеңберіндегі кездесу өтті.
Кездесуге аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің еңбеккер әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрайымы Майра Боранбаева, Қызылорда полиция басқармасының Әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау тобы инспекторлары Алмара Түйешиева мен Ерболат Әйгерім, «SENİM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының облыстық филиалы жанындағы әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрайымы Гүлжан Абсатова, емхана қызметкерлері, кәсіподақ белсенділері қатысты. Кездесу барысында емхананың кәсіподақ ұйымы төрайымы Назира Қасымова акциясының өткізілу мақсаты мен оны қолдау шаралары туралы ақпарат берді.
Полиция инспекторы Алмара Түйешиева адам құқығын қорғау мәселелері мен құқық қорғау органдарымен әйелдерді зорлық зомбылықтан қорғау бойынша жасалатын іс-әрекеттер алгоритмі, заңнамалық негіздер туралы ақпарат берді. Еңбек саласындағы заң бұзушылықтарды жою мақсатындағы шаралар мен жұмыскерлердің құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығы туралы сөз қозғаған аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің еңбеккер әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрайымы Майра Боранбаева жұмыскер әйелдерге еңбек заңы аясында түсіндірмелер жасады.
Кездесуге қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, мамандардан құқықтық мәселелер бойынша сұрақтарына жауап алды.