Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының білім беру марафоны аясында Қарағанды облысы, Ұлытау және Қостанай облыстарының кәсіподақ активі үшін «Ұжымдық еңбек даулары. Татуластыру рәсімдері» тақырыбында семинар өтті, оған 100-ден астам кәсіподақтар мен аумақтық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Семинарды аша отырып, жобаның үйлестірушісі, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыру және бақылау жұмысы Департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова бүгінгі семинардың тақырыбы өте өзекті екенін, сонымен қатар құқықтық мәдениетті арттыруға, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешуде кәсіподақтарды қолдауға бағытталғанын атап өтті.
Ләззат Айдарханқызы семинарға қатысушылар назарын ұжымдық және жеке еңбек дауларын анықтауға, олардың айырмашылықтарына, келісім және татуластыру комиссияларының жұмыс кезеңдеріне, кәсіпорындар мен ұйымдардағы еңбек төрелігіне аударды.
Спикер еңбек дауларының себептерін анықтау, туындауын талдау және алдын алу, ал олар туындаған жағдайда-еңбек дауларын білікті шешу бойынша профилактикалық кәсіподақ жұмысының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, еңбек дауларын шешуде әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу мәселелері, келісу комиссиясына өтініштерді беру және қарау мерзімдері, татуластыру комиссиясы мен еңбек төрелігі жұмысының кезеңдері, сондай-ақ еңбек дауларын сот тәртібімен қарау мәселелері егжей-тегжейлі қаралды.
Семинарға қатысушылар ұжымдық еңбек дауларын шешу кезінде медиация институты пайдаланылуы мүмкін екенін, және еңбек дауы тараптарымен үлестес емес, жазбаша рұқсаты болған жағдайда сарапшылар шақырылуы мүмкін екенін қарастырды.
«Егер татуластыру рәсімдері арқылы ұжымдық еңбек дауын шешу мүмкін болмаса; жұмыс беруші татуластыру рәсімдерінен жалтарған кезде; ұжымдық еңбек дауы бойынша бұрын қол жеткізілген келісімдердің шарттарын орындамаған жағдайда бұлар ереуілдерді өткізуге негіз болуы мүмкін», – деп атап өтті дәріс спикері.
Семинар барысында Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының ережелеріне негізделген жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешудің дәйекті алгоритмі айтылды, қатысушылардың кәсіподақ жұмысында пайдалануы үшін толық презентация ұсынылды.
Әрі қарай оқыту семинарында тәжірибеде туындайтын бірнеше өзекті кейстер қаралды.
Диалог соңында Ләззат Есжанова семинарға қатысушылардың жаңа Ұлытау облысының құрылуына байланысты мекемелерді қайта құру кезінде еңбек қатынастарын құқықтық реттеу бойынша сұрақтарына, жеке еңбек дауларын реттеу және татуластыру рәсімдерін жүргізуге қатысты сұрақтарына жауап берді.
Семинарға қатысқан еліміздің үш облысының кәсіподақ өкілдері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына білім беру марафонын ұйымдастырғаны үшін, сонымен қатар жоба үйлестірушісін оқыту семинарларын жоғары кәсібилікпен өткізгені және тақырыптың өзектілігі үшін алғыс білдірді