Ұстаз… Ұстаз – құрметті де қастерлі сөз. Ұстаз ұғымы – қасиетті ұлы ұғым. Ал ұстаздық мамандық – өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық. Бұл ардақты атқа ие болу үшін үлкен жауапкершілік пен зор көрегендік қасиет қажет. Ұстаз – жастарға білім беруші ғана емес, ол – адамгершіліктің, мәдениеттілік пен адалдықтың үлгісі, болашақтың шамшырағы. Ұстаздық – ұлы қызмет.
«Бала күнімізден көз алдымызда қалыптасқан ұстаз бейнесі – мәртебелі, жаныма жақыны. Олай дейтінім біздің әулет – Ұстаздардың әулеті», – дейді бүгінгі «Еңбек әулеті» айдарының кейіпкері Әли Солтанбекұлы.
Ес білген сәттен қазақтың аңыз-ертегілері мен тарихын құлағыма құйып өскен Әли Солтанбекұлы қазіргі таңда Алматы қаласы Алатау ауданы №182 жалпы білім беретін мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Жұмысшылардың құқығын қорғауды мақсат еткен “Ұстаз” кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі.
«Бала күннен жатталған тарих – өмірлік мамандығыма айналды», – дейді. Себебі, кәсіподақ мүшесі Әли Солтанбекұлының әжесі Жанипа Расолдина – Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі. Тарихшы. Ұзақ жылдар Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Жаңа -ауыл ауылы, Қ.Ақынов атындағы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі қызметін атқарды. Ал анасы Садыкова Жакен Жүнісбекқызы- сол мектепте еңбек жолын бастаған -тарихшы, мұғалім. Қазір Алматы қаласы Алатау ауданы №182 жалпы білім беретін мектептің тарих пәні мұғалімі. Шәкірттері қалалық пәндік олимпиада, ғылыми жоба байқауларына үздіксіз қатысып, жеңімпаздар тұғырынан үнемі көрінеді. “Ұлағатты ұстаз” төсбелгісімен, ҚР Білім және Ғылым министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталды.
Әли Солтанбекұлы “Шығыс Қазақстандағы жер-су атаулары” , “Белгісіз Алаш қайраткерлері” атты ғылыми жобалары қатарынан 2 жыл қалалық ғылыми жоба байқауының 2-ші орын жүлдегері атанған.