Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы ұйымдастыруымен республикалық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподағының отырысы өтті.
Аталған шараға ауыл шаруашылығы салалық кәсіподағының төрағасы Е.Каппель, БҚО ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы төрағасы А.Давлетжанов, ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының төраға орынбасары Л.Иманбаева, БҚО Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Б.Атауов және облыстық кәсіподақ белсенділері қатысты.
Онлайн форматта өткен жиынға республиканың түкпір-түкпірінен сала кәсіподағы төрағалары мен қызметкерлері қатысты. Отырыстың модераторы Амангелді Давлетжанов батыс өңіріндегі кәсіподақ жұмысына тоқталып, кезекті басқа өңірлердегі әріптестеріне ұсынды. Атқарылған жұмыстар бойынша есеп берілген шара марапаттау рәсіміне ұласты.
Сонымен қатар, БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың қатысуымен өткен аудан әкімдері мен кәсіподақ белсенділерінің онлайн жиналысы өтті. Онда кәсіподақтың қазіргі жай-күйі, «Ауыл – ел бесігі» атты жоба бойынша атқарылған іс-шаралар сөз болды. Егор Каппель: «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту үшін арнайы концепция болуы тиіс. Оған кәсіподақтың тигізер пайдасы да зор. Ауыл шаруашылығы үздіксіз қызмет атқаруы үшін мал шаруашылығын дамыту керек. Сол бағытта Республика бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда», – деді.
Егор Яковлевич Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы ұйымының жұмысына оң бағасын беріп, өңірдің агроөнеркәсібінің дамуына үлес қосып жүрген фермерлерді марапаттады.