Жақында Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы қызметіне аймаққа танымал тұлға, белгілі меценат, облыстық мәслихаттың депутаты Әлібек Семғалиев тағайындалған болатын. Осы өңірде туып-өсіп, екі жоғары оқу орнын бітірген тау-кен инженері, мұнай өндіруші компанияда кен алаңының басшысы, бас механик, он жылдай бас директордың орынбасары лауазымында қызмет жасаған. Ол Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен және мерейтойлық медальдармен марапатталып, «Исатай ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болған.
Осы орайда біз бірлестіктің жаңа төрағасын сөзге тартып, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісуді сұраған болатынбыз.
– Әлібек Аманжанұлы, жауапты қызметке тағайындалуыңызбен! Қазақстанның кәсіподақтары – тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік-еңбек қатынастарының базалық элементі десек артық айтқандық болмас. Еліміздегі Кәсіподақтар федерациясы – жұмыс берушілер мен еңбеккерлер арасында басты медиатор, қоғамдағы ірі және қуатты азаматтық институттардың бірі екендігі белгілі. Өндірістен осы қызметке ауысу арқылы алдыңызға қандай мақсат-міндеттер қойдыңыз?
– Жалпы мен мұнай өндіру саласында ширек ғасырға жуық еңбек еттім. Шүкір, жинақтаған өмірлік те, кәсіби де тәжірибем жетерлік. Осы жағын ой елегінен өткізіп, қабырғаммен кеңесе отырып, сол жинақтаған тәжірибем мен абырой-беделімді, өңірдің қарапайым еңбек адамдарының мүддесіне жұмсасам деген ой менің осы қызметке келуімен себеп болды. Яғни, бұл алдағы уақытта жұмысшы-қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, өндіріс шарттарын жақсартуға, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экономиканың түрлі салаларында жұмыс беруші мен еңбеккерлер арасындағы дау-дамайларды реттеуге, әлеуметтік әділетсіздіктерді, туындап жататын қарама-қайшылықтарды болдырмауға осы өңірдің перзенті ретінде аз да болса үлесімді қосайын деген ойдан туған шешім болатын.
Жұмысқа кіріскен екі аптадай уақытта облыстық Кәсіподақтар бірлестігі мен салалық филиалдар жетекшілерімен, кәсіподақ белсенділерімен кездесіп, биылғы тындырған тірліктерімен, алдағы шаралар жоспарымен таныстым. Олармен алдағы жұмыс жоспарымызды белгіледік.
Атырау облыстық Кәсіподақтар бірлестігі – өз қатарына 83 мыңдай кәсіподақ мүшесін біріктірген 670 бастауыш ұйымнан құралады. Олар мұнай мен газ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және басқа да халық шаруашылығының 11 салалық кәсіподақтар ұйымдарының басын біріктіріп отырған аймақтағы ірі қоғамдық бірлестік. Облыстағы еңбек етуге қабілеті бар тұрғындардың 33 проценті кәсіподаққа мүше. Бұл үлкен күш. Кәсіподақ мүшелері құрамын әрмен қарай толықтыра түсуіміз қажет. Бірнеше мыңдаған адам қызмет ететін «Теңізшевройл», оның қосалқы мердігерлерінде, сол сияқты құрылыс компанияларында кәсіподақ мүшелерінің саны тым аз. Салалық кәсіподақтардың да басты мұраты, негізгі мақсат-мүддесі – еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтау, жұмысшы мен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақты байланыс орындауға тиісті.
– Өзіңізді толғандыратын маңызды деген мәселелер қандай? Оны шешудің нендей жолдары бар?
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде «Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуі тиіс. Әсіресе ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыра түсуіміз керек. Олар еліміздегі ең сыйлы азаматтарға айналуы керек» – деп атап өткен болатын. Қайнаған қызу еңбектің ортасында жүрген жұмысшының мәртебесін көтеру, еңбегін ұлықтау, өнегелі істерін БАҚ-тар арқылы жұртқа жария етуді әркез ескергеніміз жөн.
Жұмысшылардың еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, қауіпсіздігі мен тұрақтылықты сақтап, түрлі дау-дамайдың алдын алу, жұмысшы-қызметкерлер мен жұмыс берушінің арасында алтын көпір ретінде өз функциясын орындау – салалық кәсіподақ ұйымдарының басты мақсаты болуы керек. Соңғы кезде әлеуметтік мәселелерге қатысты туындаған дау-дамайлардың дені әділетсіздік, азық-түлік тауарлары мен қызмет көрсету бағасының өсуі, күнкөріс деңгейінің төмендеуі, еңбекақының аздығы халықтың, әсіресе, жұмысшылар наразылығын туындатуда. Біз жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, осы жайттарға бей-жай қарамай, қолдан келгенше реттеуді жолын іздестіруіміз қажет. Ұжымдық шарттарда жұмысшының еңбегі мен мүддесін қорғайтін, жұмыс учаскесінен отбасына аман оралатындай қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, жанжалдарды болдырмаудың, туындай қалған кезде оны жұмысшылар санасына жетерліктей етіп түсіндірудің маңыздылығын ұсынғанымыз дұрыс.
– Кәсіподақтар федерациясы жариялаған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясындағы шаралар алдағы жылы да жалғасын табатын шығар?
– Иә, аталған акция өз жалғасын табады. Бұл еңбек ұжымындағы ауызбіршілік пен татулықты одан әрі нығайту, бастауыш кәсіподақ ұйымының әрбір мүшесінің заңды мүдделерін қорғау бойынша нәтижелі жұмыстарға жеткізіп отыр.
Менің тағы бір мақсатым – бастауыш кәсіподақ ұйымдары жетекшілері мен белсенділері үшін семинарлық оқулар ұйымдастыру. Жыл ішінде осындай 32 рет семинар өткізілді. Бұларда мыңға жуық әріптесіміз білімдерін көтерген екен. Бұл тым аз. Меніңше, жалпы жұмысшы-қызметкерлер кәсіподақтың қандай ұйым, оның мүмкіндіктері, құқықтарын қорғаудағы рөлі туралы жеткілікті түсінігі болуы керек.
Бір қуанарлығы, бірқатар салалық кәсіподақтар жұмысымен танысу барысында қарапайым еңбек адамдарының еңбек құқықтары, мәселен, жұмыстан заңсыз шығару, еңбек ақыны дұрыс төлемеу, әлеуметтік төлемақыларды уақылы аудармау сынды даулы мәселелер кәсіподақтың араласуымен сот арқылы оң шешімін тапқан екен.
Кәсіподақтардың негізгі тыныс-тіршілігінің ең алдыңғы шебі – еңбек ұжымдарында, бастауыш кәсіподақ ұйымдарында. Бастауыш ұйымдардың жұмыстарымен таныса отырып, оның рөлі мен беделін, қызмет тиімділігін арттыру мәселелері де менің назарымнан түспейтін болады.
Атырау өңірі негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша донор ретінде елімізде көшбастаушылар қатарында келеді. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары едәуір жақсарды. Күні бүгін облыста 3 мыңға жуық ұжымдық шарт тиімді жұмыс жасайды. Демек, мұның бәрі адами капиталды дамыту мен ұлғайтуға бағытталған. Ұжымдық шарт негізінде әлеуметтік әріптестік арқылы қызметкерлердің тұрмыстық әл-ауқатын көтеру – ұйымның басым бағыттарының бірі. Еңбек адамының мүддесін қорғап, кәсіподақ қозғалысын дамытуға барынша үлес қосып жүрген сала белсенділері мен ардагерлері Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының түрлі деңгейдегі марапаттарына ие болып жүр.
Облыстық бірлестікте бұған дейін талай тірліктер атқарылды, есте қаларлықтай маңызды шаралар ұйымдастырылды. Бірақ алдағы міндеттер бұдан да ауқымды. Жаңа, әрі Әділетті Қазақстан құру жолында халықтың ынтымақ-бірлігі қажет-ақ. Өйткені, халық бірлігі – кәсіподақ бірлігі. Ал кәсіподақтар – жұмысшы қауымының қорғаны.